«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратӘлеумет

Ақтөбеде зейнеткер алаяқтарға 1,3 миллион теңге аудармақ болған сәтте құтқарылды

Ақтөбедегі сауда орталықтарының бірінде зейнеткер алаяқтарға ірі көлемде ақша аударғалы тұрған жерінен полиция қызметкерлері араласып, дер кезінде тоқтатты. Қарт кісі терминалдың қасында тұрып, 1,3 миллион теңгені белгісіз біреулерге жібермек болған.

Белгілі болғандай, зейнеткерге бірнеше күн бойы белгісіз адамдар телефон шалып, «жинаған ақшаң жоғалады», «құтқару үшін қауіпсіз есепшотқа аудару қажет» деп қорқытқан. Соның салдарынан ол депозитінен ақшаны шешіп алып, терминал арқылы аударуға келген.

Телефон ар жағындағы әйел өзін «Тамара» деп таныстырып, зейнеткерге үнемі нұсқау беріп отырған. Егер жанындағылар сұраса, «қызымa ақша аударып жатырмын» деуді бұйырған. Кейінірек әңгімеге оның «ұлы» және өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстырған басқа адамдар да қосылып, ер адамды сендіруге тырысқан.

Зейнеткер қатты абыржып, асығыс әрекет еткен. Дәл осы кезде қасынан өтіп бара жатқан полиция қызметкерлері жағдайды байқап қалып, араласқан. Олар зейнеткерге бұл — алаяқтық екенін түсіндіруге тырысқанымен, ол телефондағы «Тамараға» сеніп, бірден көнбеген. Ақыр соңында тәртіп сақшылары дер кезінде әрекет етіп, аударымды тоқтатып үлгерді.

Полиция өкілдерінің айтуынша, алаяқтар әсіресе қарт адамдарды алдау мен қорқыту әдістерін жиі қолданады. Олар өте дөрекі, арсыз тәсілдерге барады және өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыру арқылы сенімге кірмек болады.

Тәртіп сақшылары азаматтарға ескертеді: шынайы полиция қызметкерлері ешқашан ақшаны “қорғалған есепшотқа” аударуды талап етпейді. Осындай жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет.

Ұқсас жаңалықтар

Таразда әйел екі баласын бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберді

«Бәйтерек» жобасы іске қосылуда: алғашқы ұшырылым желтоқсанға жоспарланған

«Дарханға ренжулі едім»: Азамат Тоқтаубаев тергеуде жалған мәлімет бергенін мойындады