2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Алматының бірқатар ауданында жеке тұрғын үйлерді көмір, отын, дизель отыны және маймен жылытуға тыйым салынады. Бұл талап 2025 жылы бекітілген Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының 52-тармағында көрсетілген.
Шектеу төмен шығарындылар аймағына (LEZ) жататын газдандырылған аумақтарда қолданылады. Ол жеке тұрғын үйлердің жылыту қазандықтарына, моншаларға және көпқабатты үйлерді жылумен қамтамасыз ететін кейбір қазандықтарға да қатысты. Тек төтенше жағдай кезінде резервтік жылу және энергия көздерін пайдалануға рұқсат етіледі.
Алматыдағы пилоттық төмен шығарындылар аймағы әзірге Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке, Абай даңғылынан солтүстікке, Желтоқсан көшесінен шығысқа және Достық даңғылынан батысқа қарай орналасқан аумақты қамтиды. Болашақта бұл аумақты кеңейту жоспарланып отыр.
Қала Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, 2027 жылы төмен шығарындылар аймағын толық іске қосу көзделген. Сонымен қатар экологиялық тексеруден өтпеген көліктерге шектеулер мен айыппұлдар енгізіліп, стационарлық шығарындылар көздеріне бақылау күшейтіледі.
Қазіргі уақытта Алматыдағы жеке тұрғын үйлердің 99,6 пайызы газға қосылған. Дегенмен аудан әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, қалада әлі де газдандырылмаған 3 889 тұрғын үй бар. Олардың нақты қай аудандарда орналасқаны көрсетілмеген.
Жеке секторды газға көшіру жұмыстарын жеделдету үшін қала билігі демеушілерді де тартуда. Қайырымдылық қорларының бірі газға қосылмаған үйлерді көгілдір отынға жалғау үшін 460 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Жаңа талаптарды бұзған тұрғын үй иелері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 324-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.
2027 жылы айыппұл мөлшері:
-
- Жеке тұлғаларға – ескерту немесе 10 АЕК (46 930 теңге);
-
- Шағын бизнес пен лауазымды тұлғаларға – 15 АЕК (70 395 теңге);
-
- Орта бизнеске – 20 АЕК (93 860 теңге);
-
- Ірі бизнеске – 100 АЕК (469 300 теңге).
Айта кетейік, бұған дейін Щучинск қаласындағы жаңа тұрғын үй кешенінің тұрғындары пәтерлерінде жылудың жеткіліксіздігіне шағымданған. Арнайы комиссия тексеру барысында кейбір тұрғындар жөндеу немесе қайта жоспарлау кезінде жылыту жүйесіне өзгеріс енгізіп, оның қалыпты жұмысына кедергі келтіруі мүмкін деген қорытындыға келген.
