Көлік министрі Әсел Жанасова балалар арбасымен қоғамдық көлікке міну мәселесіне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, ата-аналарды баласымен бірге автобусқа кіргені үшін арбаны жинауға немесе көліктен түсуге мәжбүрлеуге болмайды.
Министрдің сөзінше, қоғамдық көлік барлық жолаушыға, соның ішінде кішкентай баласы бар отбасыларға да қолайлы әрі қолжетімді болуы тиіс. Осыған байланысты ата-аналардан түскен өтініштер мен сауалдар ескеріліп, қолданыстағы ережелерді қайта қарау туралы шешім қабылданған.
«Ешкім ата-ананы кішкентай баласымен жүргені үшін арбасын жинауға немесе автобустан түсуге мәжбүрлей алмайды. Көлік министрі ретінде қоғамдық көліктің балалы отбасылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы мен үшін аса маңызды», – деп жазды Әсел Жанасова.
Министрдің түсіндіруінше, ережелерге өзгеріс енгізудегі мақсат – олардың әртүрлі түсіндірілуіне жол бермеу, сондай-ақ жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бұған дейін Көлік министрлігі балалар арбасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.
Ведомствоның мәліметінше, автобус іші шамадан тыс толған жағдайда, ата-анаға арналған бос орын болған кезде арбаны жинап тасымалдау ұсынылады. Дегенмен, оны жинау қолайсыз болса, жолаушы сапарын арбаны жайылған күйінде жалғастыра алады.
Министрлік қолданыстағы талаптарды орындамағаны үшін ата-аналарға айыппұл салу немесе оларды автобустан түсіру қарастырылмағанын да атап өтті.
