Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл желтоқсанда АҚШ-тың Майами қаласында өтетін G20 саммитіне қатысады. Қазақстан Президентіне саммитке қатысуға АҚШ президенті Дональд Трамп шақыру жолдаған.
Бұл туралы Қазақстан мен АҚШ өкілдерінің кездесуінде айтылды. Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капур Қазақстан-АҚШ стратегиялық серіктестігін дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Олардың қатарында энергетика, маңызды минералдар, озық технологиялар, цифрландыру, көлік және инвестиция бар.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігі ретінде құру бастамасы талқыланды.
Тараптар алдағы G20 саммитіне дайындық барысы бойынша пікір алмасып, жоғары деңгейдегі байланысты әрі қарай жалғастыруға дайын екендерін білдірді.
