Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру тәртібі өзгерді. Енді заң бұзушылық туралы нақты ақпарат берген азаматтарға 17,3 миллион теңгеге дейін сыйақы төленуі мүмкін.
Өзгерістер Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2026 жылғы 5 тамыздағы бұйрығымен енгізілді. Құжатта сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы беру және олардың өтініштерін қарау тәртібі нақтыланған.
Жаңа ережеге сәйкес, сыйақы мөлшері параның көлеміне немесе келтірілген залал сомасына байланысты есептеледі. Ең жоғары сыйақы 17,3 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл сома 2026 жылғы айлық есептік көрсеткіш көлемі мен қолданыстағы талаптарға сәйкес есептелген.
Ал сыбайлас жемқорлық фактісі туралы қызметтік міндетіне сәйкес хабарлауға тиіс мемлекеттік қызметкерлерге ақшалай сыйақы төленбейді. Олар құрмет грамотасымен марапатталуы немесе алғыс жариялануы мүмкін.
Сыйақы алуға құқығы бар азаматтарға уәкілетті органдар өтініш беру тәртібін түсіндіреді. Өтініш түскеннен кейін қажетті құжаттар 10 жұмыс күні ішінде КНБ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне немесе оның аумақтық органына жіберіледі.
Қажетті құжаттардың қатарында:
- ынталандыру туралы өтінішхат;
- тіркеу нөмірі көрсетілген өтініштің көшірмесі;
- құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайда әкімшілік іс бойынша құжаттар;
- қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген сот үкімі немесе істі тоқтату туралы қаулы;
- өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі;
- ұлттық валютадағы банк шотының бар екені және оның нөмірі көрсетілген банк анықтамасы болуы қажет.
Ал азаматқа құрмет грамотасын беру немесе алғыс жариялау мәселесі қаралған жағдайда оның жеке өтініші құжаттар топтамасына енгізілмейді.
Материалдар түскеннен кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі немесе оның аумақтық органы бес жұмыс күні ішінде құжаттардың толықтығы мен белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.
Одан кейін материалдарды арнайы комиссия қарайды. Оның құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің немесе КНБ аумақтық органының кемінде бес қызметкері болуы тиіс.
Комиссия азаматты ынталандыру туралы шешім қабылдаған жағдайда, қызмет немесе аумақтық орган басшысы бір жұмыс күні ішінде тиісті бұйрық шығарады. Бұл бұйрық біржолғы ақшалай сыйақы төлеуге, құрмет грамотасын беруге немесе алғыс жариялауға негіз болады.
Ақшалай сыйақы бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде азаматтың банк шотына аударылуы тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістерге қол қойған болатын. Соған сәйкес, енді пара беруге уәде ету немесе уәде беруге келісу де қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
