Қазақстан Қорғаныс министрлігі Польшада «тыңшылық» жасады деген күдікпен Қазақстан дипломатының ұсталғанын растады. Бұған дейін Польша арнайы қызметінің Қазақстанның Украинадағы елшілігіндегі әскери атташе көмекшісін ұстағаны туралы ақпарат тараған болатын.
Elmedia басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, ұсталған адамның есімі Әнуар екенін хабарлады. Ол соңғы 1,5 жыл бойы Қазақстанның Украинадағы елшілігінде әскери атташе көмекшісі ретінде қызмет атқарған.
Польшадағы оқиға 11 тамызда болған. Осы күні арнайы қызмет өкілдері Қазақстан дипломатын тыңшылық жасады деген күдікпен ұстаған.
Бұған дейін, 30 шілдеде Польша билігі Быдгощ қаласында Орталық Азия елдерінің бірінің сыртқы барлау қызметінің офицерін ұстағанын хабарлаған еді. Ол 3 айға қамауға алынған. Алайда ол кезде нақты қай елдің азаматы екені ресми айтылмаған.
