Жамбыл облысында бұрынғы депутат Бақытжан Базарбек жол-көлік оқиғасына қатысты. БАҚ мәліметінше, ол Toyota көлігін жүргізіп келе жатып, жолда тұрған ер адамды қағып кеткен.
Оқиға Т. Рысқұлов ауданы, Луговое ауылы маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, бұған дейін осы жол учаскесінде көлік малды қағып кеткен. Малдың өлексесі жолда қалып, оны алып тастау үшін бір ер адам жолға шыққан. Сол сәтте оны Бақытжан Базарбек жүргізіп келе жатқан Toyota көлігі қағып кеткен.
Жол апатынан ер адам ауыр жарақат алып, орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
Оқиғадан кейін Бақытжан Базарбек медициналық тексеруден өткен. Оның ағзасынан алкоголь анықталмаған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғасын растады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Т. Рысқұлов ауданындағы жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota жүргізушісі Б. жолда келе жатқан ер адамды қағып кеткен. Апат салдарынан жәбірленуші орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды», – деп хабарлады полиция.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
