Қазақстанда музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарды ынталандыруға бағытталған жаңа мемлекеттік марапаттар енгізіледі.
Мәдениет пен өнер – ұлттық бірегейлігіміздің маңызды тірегі. Осыған байланысты жаңа Ата заңда төл мәдениетті жан-жақты қолдау мемлекеттің конституциялық міндеті ретінде айқындалды.
Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы мәлімдеді.
Жаңа марапаттар ұлттық мәдениетке адал қызмет етіп, музыка мен бейнелеу өнерінің дамуына қомақты үлес қосқан азаматтарға табысталады.
Аталған наградалар шығармашылық еңбекті бағалап қана қоймай, отандық мәдениет пен өнерді одан әрі дамытуға серпін бермек.
