Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басқарма төрайымы Гүлмира Сәбденбек МӘМС жүйесіндегі заңбұзушылықтарға қатысты мәлімдеме жасап, анықталған деректердің басым бөлігін қордың өзі бақылау барысында әшкерелегенін айтты.
Оның сөзінше, қор заңбұзушылықтарды жасыруды емес, әрбір расталған дерекке құқықтық баға беруді, келтірілген шығынды өтеуді және мұндай схемалардың қайталануына жол бермеуді мақсат етеді.
ӘМСҚ мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы сомасы 4,5 млрд теңгені құрайтын 72 материал құқық қорғау органдарына жолданған. Қор өкілдері мұны құқықбұзушылықтардың көбеюімен емес, бақылаудың күшеюімен және талдау құралдарының жетілдірілуімен байланыстырды.
Сондай-ақ қаржылық бақылау жүйесі жаңартылып жатыр. Енді басты назар заңбұзушылықты қаржы аударылғаннан кейін емес, төлем жасалғанға дейін анықтауға аударылады. Осы мақсатта Qalqan ІТ-платформасы, алаяқтыққа қарсы автоматтандырылған жүйе және тәуекелдерді талдау алгоритмдері енгізілуде.
Бұған қоса, қазақстандықтар өз атына рәсімделген медициналық қызметтерді тексеріп, іс жүзінде алмаған қызметтер анықталған жағдайда бұл туралы ӘМСҚ-ға хабарлай алады.
