Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты орналастыру қоры (UNFPA) жариялаған жаңа баяндамада туу деңгейінің төмендеуіне әсер ететін негізгі факторлар көрсетілді. UN News сайтында жарияланған дерекке сәйкес, әлем халқының үштен бірінен астамы тұратын 14 елде жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша, әрбір бесінші адам өзі қалағандай көп балалы бола алмайтынын мәлімдеген.
Респонденттердің айтуынша, негізгі кедергілер — бала тәрбиесінің жоғары шығындары, еңбек нарығындағы тұрақсыздық, баспананың қолжетімсіздігі, әлемнің болашағына қатысты алаңдаушылық және лайықты серіктестің болмауы.
«Тым көп адам өздері армандаған отбасын құра алмай отыр. Бұл — қалаудың жоқтығынан емес, таңдау мүмкіндігінің шектеулігінен туындаған мәселе. Мұндай жағдай жеке адамдар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін де ауыр зардаптарға алып келеді. Бұл — нағыз туу дағдарысы. Шешім — адамдардың нақты қажеттіліктеріне жауап беру: ақылы отбасылық демалыс, репродуктивті денсаулыққа қолжетімді қызметтер және серіктестер тарапынан қолдау көрсету», — деді ЮНФПА атқарушы директоры Наталья Канем.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің жартысынан астамы экономикалық себептер бала санына әсер ететінін айтқан. Сонымен қатар, әрбір үшінші әйел жоспарланбаған жүктілікке тап болғанын жеткізсе, 50 жастан асқан респонденттердің 40%-ы қалағанша көп балалы бола алмағандарын мойындаған.
Баяндама авторлары бала тууды ынталандыруға бағытталған біржолғы төлемдер немесе туу бойынша мақсатты көрсеткіштер секілді мәжбүрлеу шараларының тиімді еместігін және адам құқықтарын бұзуы мүмкін екенін атап өтті.
UNFPA үкіметтерге келесі бағыттарда әрекет етуге кеңес береді: қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, сапалы жұмыс орындарын құру, ақылы бала күтіміне арналған демалыс енгізу және репродуктивті денсаулық сақтау қызметтерінің толық спектрін ұсыну.
Айта кетейік, Қазақстанда да 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы қорытынды бойынша туу көрсеткіші соңғы 11 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті.