«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСот

«Бір адам мойнына алмаса, бәрімізге қиын болады»: Абзал Шынасыл істі мойындау себебін түсіндірді

"Бір адам істеді, бір адам мойнына алсын" деді": Абзал Шынасыл тергеу алдында қылмысты қалай бөлісіп алғанын айтты
фото: видеоскрин

2025 жылғы 21 мамырда Талдықорғанда өткен сот отырысында Шерзаттың өліміне қатысты басты күдіктілердің бірі Абзал Шынасыл куәлік берді. Ол төбелеске қатысушылардың тергеу алдында қылмысты бір адам мойнына алуға келісіп алғанын мәлімдеді.

Абзалдың адвокаты одан алдын ала тергеу кезінде берген жауабына қатысты сұрақ қойды. Тергеу материалдарының 16-томында ол: «Шерзатқа пышақты мен сұғып алдым» деген. Сот барысында бұл жауаптың шынайылығы туралы сұралғанда, Абзал былай деп түсіндірді:

«Қылмысты мойныма алған себебім бар. Талғарда полиция бөлімінде болғанда тергеушілер: “Бір адам істеді, бір адам мойнына алсын. Әйтпесе бәріңе қиын болады. Ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде жауап бересіңдер”, – деді. Кейін бізді Қонаев қаласына кезекпен алып кетті. Газельмен жолда бара жатқанда Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Азамат Тоқтаубаев төртеуіміз сөйлестік. Сонда Равиль: “Бұны біреу істеді, мойындай салсын. Әйтпесе бәрімізге қиын болады”, – деді. Сол кезде менде пышақ болғандықтан, ішімнен “жасырып жүргенше, өзім ала салайын” деген ой келді. Қапшағайдағы тергеу изоляторына жеткенше, бәріміз бас қосып үлгердік. Сол жерде Нұрбол Тоқтаубаев “сенде пышақ болды ғой” деді. Мен оған: “Шерзатты мен мойныма алайын” деп айттым. Ал Нұрқанаттың жамбасына тығылған пышақты Шыңғыс тықты деп келістік. Тергеушіге де осыны айттық».

Абзалдың айтуынша, тергеушілер оқиға орнынан екі пышақ табылғанын айтқан, бірақ ол бұл ақпаратқа сенбеген. Кейін, қазан айында берген алғашқы жауабына қанағаттанбай, желтоқсанда шынайы жауап беруге шешім қабылдаған.

«Пышақ кірсе, менікі кіріп кеткен шығар деп көп ойланбадым. Ол мылтық атқан соң ашу үстінде Нұрқанаттың жамбасына пышақ сұқтым. Оны мойындаймын. Бірақ оны өлтіру мақсатында істеген жоқпын. Құйымшақтың жұмсақ жер екенін біліп тұрдым. Ол етбетінен жатқан. Пышақты екі-үш сантиметрдей ұстап, жамбасынан ұрып жібердім. Сосын бәрі “кетеміз” деді де, кеттік. Кейін ойлана келе, Шерзатқа пышақ салған емеспін деп айтқым келеді. Ал Нұрқанатқа пышақ сұққанымды мойындаймын», – деді ол.

Сондай-ақ Абзал Дана Жақсыкелдінің оған қан болған пышақты жуып бергенін және «Dizzy» сусынын құйып бергенін де атап өтті.

Абзал Шынасылға ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылған:

  • 99-бап (Адам өлтіру),

  • 24-бап (Қылмысқа дайындалу және оқталу),

  • 293-бап (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау).

Сотта ол өзінің түрін көрсетіп, видеоға түсіруге рұқсат берді.

Еске сала кетейік, бұған дейін, 2025 жылдың 16 мамырында өткен сот отырысында күдікті Шыңғыс Белқожаев жауап берген болатын. Ол сотта Нұрқанатты сақалдысы деп шатастырып, шын мәнінде Шерзатты ұрып, тепкенін мойындады. Оқиғадан кейін көлігімен кетіп, ішіндегі мылтықты байқап қалып, оны жол жиегіне лақтырып жібергенін айтқан. Белқожаевтың сөзіне қарағанда, өзінде тек бәкі болған, ал Қаржаубай дүкеннен асүй пышағына ұқсас пышақпен шыққан. Сонымен бірге ол Нұрқанаттың екінші рет оқ атқанын да көргенін мәлімдеді.

Ұқсас жаңалықтар

Продажи новых автомобилей выросли в спросе Казахстане.

Тексеру қорытындысы – дабыл қағарлық: 54 асхана мен 191 мектептен кемшілік табылды

Redaktor Shyn-Ar

Қадір түнін қалай өткізу керек?

Пікір жазу