30 маусым күні Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде 10 жасар балаға иттер шабуыл жасап, ауыр жарақат салды. Оқиға футбол алаңында болған – бала ойнап жүрген сәтте жеке аумақтан шығып кеткен үш ит шабуыл жасаған. Куәгерлердің айтуынша, иттер баланың сан етін және құлағын жұлып алған. Жақын маңдағы адамдар дер кезінде араласып, баланы ажалдан аман алып қалды.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен бала 30 маусым күні сағат 17:02-де Қарасай аудандық ауруханасына жеткізілген. Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, бірнеше сағаттан кейін травматология бөлімшесіне ауыстырылған.
«Алған жарақатына байланысты баланың жалпы жағдайы – орташа ауырлықта. Емдеу клиникалық хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді басқармадан.
Облыстық полиция департаменті бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 1-бөлігі бойынша (абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру) сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Қазіргі таңда оқиға куәгерлерінен жауап алынып жатыр. Барлық мән-жай жан-жақты, толық әрі объективті зерттелуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – делінген полицияның ресми мәлімдемесінде.
Бұл жағдай қоғамда қаңғыбас және қараусыз иттерге қатысты жауапкершілік мәселесін қайта көтеріп отыр. Жергілікті әкімдік пен ветеринарлық қызметтердің әрекетсіздігіне байланысты балалардың қауіпсіздігіне нақты кепіл жоқ. Тұрғындар тиісті органдардан нақты шаралар мен жүйелі жауапкершілік талап етуде.
