Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда халықтың қартаю индексі өсіп келеді. Қартаю индексі – егде жастағы адамдар санының балалар санына қатынасын көрсететін көрсеткіш. Яғни, 15 жасқа дейінгі әрбір 100 балаға шаққанда 65 жастан асқан адамдардың санын білдіреді. Индекс неғұрлым жоғары болса, халықтың қартаю деңгейі соғұрлым жоғары болады.
2025 жылы бұл көрсеткіш 32,9-ға жетті, ал 2024 жылы ол 31,1 болған. Бұл дегеніміз – әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 32,9 адамнан келеді.
Қалалық жерлерде қартаю индексі жоғары – 34,9, ал ауылдық жерлерде ол 29,6-ны құрайды. Өңірлер бойынша ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау облысында (16,2), Түркістан облысында (17,2) және Шымкент қаласында (17) тіркелген. Алматы қаласында индекс 38,3 болса, Астана қаласында 22,9 деңгейінде.
Ең жоғары қартаю деңгейі Солтүстік Қазақстан (84,1), Шығыс Қазақстан (80,7) және Қостанай (71,3) облыстарында байқалады. Сонымен қатар, Павлодар (60,2) және Қарағанды (56,6) облыстарында да көрсеткіш жоғары. Бұл аталған өңірлерде егде жастағы адамдардың үлесі артып, халықтың қартаю үрдісі күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
