«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

«Жұмыс істегісі келген адам жұмыс таба ма?»: Бектенов еңбек министрінен сұрады

Қазақстанда жұмыс іздеген адамға жұмыс табуға мүмкіндік бар. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында елдегі еңбек нарығының жағдайын сұрап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтан қазіргі бос жұмыс орындары туралы ақпарат алды.

«Асқарбек Маратұлы, жалпы еңбек нарығындағы жағдай қандай? Қандай бос жұмыс орындары бар, қандай үрдістер байқалады?» — деп сұрады Үкімет басшысы.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері жұмыс берушілер Электронды еңбек биржасына 850 мың бос жұмыс орнын жариялаған. Оның шамамен 420 мыңы жұмысшы мамандықтарына тиесілі.

«Азаматтарымыздың 60–70 пайызы осы портал арқылы жұмыс тауып жатыр. Алайда бос жұмыс орындарының 30–40 пайызына адам жетіспейді. Сондықтан жұмыс берушілер шетелдік мамандарды тартуға мәжбүр», — деді Ертаев.

Оның сөзінше, Қазақстанға жыл сайын жұмыс істеу үшін шамамен 300 мың шетелдік маман келеді.

Осы деректерден кейін Бектенов бос жұмыс орындарының жалпы санына нақтылау енгізуді сұрады.

«800 мыңдай ма, әлде миллионға жуық бос жұмыс орны бар ма?» — деді премьер-министр.

Министр жыл басынан бері Электронды еңбек биржасына 850 мың бос жұмыс орны орналастырылғанын растады.

«Яғни, жұмыс істегісі келетін адамға әрқашан жұмыс табылады ғой?» — деп нақтылады Бектенов.

Ертаев бұл пікірмен келісіп, «жұмыс істегісі келетін адамға жұмыс бар» екенін айтты.

Премьер-министр сонымен қатар бірқатар салада маман тапшылығы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы себепті жұмыс берушілер өндіріс пен жобалардың тоқтап қалмауы үшін шетелден кадр тартуға мәжбүр.

«Жұмыс тоқтап қалмауы үшін біз шетелден мамандар тартуға мәжбүрміз. Мұны халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Елде жұмыс жоқ деген пікір болмауы тиіс», — деді Бектенов.

Қазақстанның еңбек нарығында жұмыс орындары мен жұмыс күші арасында сәйкессіздік бар. Жұмыс іздеушілер жұмысқа орналасудың қиындығына шағымданса, жұмыс берушілер кейбір бос орындарға лайықты маман таба алмай отыр. Сарапшылар мұның негізгі себептерінің бірі ретінде үміткерлердің біліктілігі мен бизнес сұранысының сәйкес келмеуін атайды.

Мәселен, 2026 жылдың маусымында жұмыс берушілер Электронды еңбек биржасына 108,7 мың бос жұмыс орнын жариялаған. Ал жұмыс іздеушілер тарапынан 126,7 мың түйіндеме орналастырылған.

Ұқсас жаңалықтар

Семейде соққыға жығылған баланың отбасына қазақстандықтар 24 млн теңге жинап берді

Redaktor Shyn-Ar

Қарияны ұрған балалар үшін мұғалімдері жауапқа тартылады

Назарбаевтың тоқалы тағы да көпшілік алдына шықты