«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратҒылым

ДАРАБОЗ ТАРИХШЫ КЕҢЕС НҰРПЕЙІС — 90 ЖАСТА

КЕҢЕС НҰРПЕЙІС
ашық дереккөзден

Тарихшы-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Кеңес Нұрпейіс небары 28 жасында кандидаттық, 38 жасында докторлық диссертациясын қорғап, қырықтың қырқасына шыға бере профессорлық атаққа ие болып, ердің жасы елуге жетпей жатып Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлық лауреаты атануы ғалымға үлкен еңбекпен келгенін әркім біле бермес, егерде тірі болғанда ағамыз биыл — 90 жасқа толар еді.

Енді ғалым ағамыздың өмір жолына назар салсақ. Кеңес Нұрпейіс 1935 жылы 15 наурыз айында Алматы облысы, Райымбек ауданы (бұрынғы Кеген ауданы), Саты ауылында дүниеге келген. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Қазақстандағы қиын қыстау заманында дүниеге келген баланың басына қиындықтар түсті. 1937 жылы жазықсыз жаламен ұсталып, із түссіз жоғалып кеткен әке тағдырын ол көп жыл өтіп, өзі де ел ағасы болған шағында білді. 1942-1945 жылдары сол ауданның Қарабұлақ ауылындағы
балалар үйінде тәрбиеленіп, бастауыш мектепті бітірген соң, 1946-1952 жылдары Алматы қаласындағы № 18 Жамбыл атындағы ер балалар орта мектебінде оқиды. Мектепті үздік бітірген К.Н. Нұрпейіс С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті) философия факультетіне оқуға түседі де, кейін тарих факультетіне ауысады. Ол кезде республикадағы бірден-бір ерекше білім ордасында оған Ермұхан Бекмаханов сияқты атақты ғалымдар дәріс берді.  https://farabi.university
1957 жылы университетті үздік бітірген студентті өзі оқыған оқу орнына оқытушылық қызметке қалдырады. Әрине, Кеңес Нұрпейісұлы қазақтың қаны сорғалаған күрделі тарихи тақырыптарға бірден барды десек, артық айтқандық болар. Ол өзінің алдындағы Е. Ділмұхамбетов, Е. Бекмаханов, І. Есенберлин сияқты аға ұрпақтың басынан кешкен «тар жол, тайғақ кешулерінен» хабардар және «халық жауының» ұрпағы екені, әрбір шалт басқан қадамы «қадағалауда» екенін түсініп, сезіне білді. Жас ғалым осындай қауіптерді біле тұра ағалар аманатына адал болды.
1958 жылы ақпан айында К.Н. Нұрпейіс Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология жэне этнография институтына ғылыми қызметке шақырылады. Сол кезден бері оның бүкіл еңбек жолы мен ғылыми кызметі осы институтта өтті. Мұнда ол кіші ғылыми қызметкерден белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигіне дейінгі жолдан өтті. Ғалымның қалыптасуына белгілі ғалымдар Қазақ КСР Ғылым академиясыньң академиктері А.Н. Нүсіпбеков, С.Н.Покровский, академияның мүше-корреспонденті Г.Ф. Дахшлейгер, тарих ғылымдарынын докторлары Т.Е. Елеуов, А.С. Елагин және басқалары зор ықпал етті. Сонымен қатар ғалымдарымыз М. Қозыбаев, К. Ақышев, М. Асылбеков, Х. Арғынбаев, М. Мұқанов, В. Востров, У. Шәлекенов, Р. Сүлейменов, Т. Балақаев, О. Исмағұлов, Б. Көмеков, К. Байпақов, Ә. Тәкенов сияқты тарих ғылымының болашақ үлкен зерттеушілерімен әріптес бола жүріп, қазақ тарихи ғылыми ортасына қалыптаса түсуіне ықпал еткені белгілі. Алайда, келешегі мол жас ғалым 1917 жылғы революциялық оқиғалар тарихын, XX ғасырдың 20-жылдарындағы Қазақстандағы мемлекеттік құрылыс, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін зерттейтін топ құрамына енгізілді.
1963 жылы К. Нұрпейіс өндірістен кандидаттық диссертация қорғады. Осы кездері жас ғалымның назары Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін, 1917 жылғы революциялар оқиғаларын, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы мен азамат соғысы тарихын зерттеуге бағытталды. 1960-жылдары ғалым республика облыстарында сол кезеңнің оқиғаларына, тарихына қатысты материалдар мен естеліктер жинастырған бірқатар экспедициялардың жұмысына ат салыса отырып нәтижесінде оның қатысуымен орыс тілінде «Қазақстандағы Октябрь революциясы мен азамат соғысының тарихынан» (Алматы, 1962), «Қазақстандағы Кеңестер билігі үшін күрес» (Алматы, 1963) естеліктер жинақтары, сонымен қатар «Орта Азия мен Қазақстандағы шетел интервенциясы және азамат соғысы» (Алматы, 1963. Г. 1; Алматы, 1964. Т. 2) атты құжаттар мен материалдар жинақтары және басқа да іргелі басылымдар жарық көрді.
1963 жылы «Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстарының Кеңестері. Кеңес үкіметін орнату және нығайту жолындағы күресте» (1917 ж. ақпан-1918 ж. маусым) тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған болатын. 1965 жылы К. Нұрпейіс ғылыми қызметкерлікке өтті. 1968 жылы ол орыс тілінде «Қазақстан Кеңестері жұмысшылар мен шаруалар билігін нығайту үшін күресте (1917 ж. қараша — 1918 ж. маусым)» атты монография жариялады. К. Нұрпейісның ғылыми зерттеулерін жұртшылық жоғары бағалады.
1972 жылы ғалым «Қазақстанның шаруалар Советтері (1917-1929)» деген іргелі монография шығарып, соның негізінде «Қазақстанның шаруалар Кенестері (ауылдық Советтердің 1917-1929 ж.ж. құрылуы, нығаюы және практикалық қызметінің тарихы)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғалым Кеңес Нұрпейіс 1970-1980 жылдары жарыққа шыққан бес томдық «Қазақ ССР тарихы» атты академиялық басылымның, редакциялық алқа мүшесі болды.
Мұнан кейінгі жылдарда ғалымның зерттеу аясына сонымен бірге 1918-1920 жылдардағы ұлттық-мемлекеттік құрылыс, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылу тарихы, Орта Азия республикалары мен Қазақстанның ұлттық-территориялық межеленуі, Кеңес өкіметінің Қазақстандағы аграрлық реформалары, республикадағы қоғамдық-саяси өмір мәселелері енді.
Осы ізденістер нәтижесінде К.Нұрпейіс бірқатар монографиялық еңбектер жазды. Олар: «Қазақстан Советтерінің I Құрылтай съезі» (Алматы, 1970), «Қазақстан — республикам менің» (Алматы, 1980), орыс тілінде «Қазақстан шаруаларының тарихы» (Г.Ф. Дахшлейгермен бірігіп жазған. Алматы, 1985, Т. 1), «Қазақстанда Кеңестердің құрылуы» (Алматы, 1987), «Куйбышев және Қазақстан» (B.C. Познанскиймен бірігіп жазған. Алматы, 1988) және басқа еңбектер. Мұнымен қатар ол көптеген кітапшалар, ғылыми басылымдар мен журналдарда, мерзімді баспасөзде, «ҚазақСовет энциклопедиясы», «Ұлттық энциклопедия» басылымдарында жарияланған мақалалар мен рецензиялар жазды.
Оның 1978-1981 жылдары негізгі авторлардың бірі ретінде көне заманнан бүгінге дейінгі «Қазақ ССР тарихын» шығаруға катынасуы ғалым өміріндегі елеулі белес болды. Осы жұмыс үшін ол 1982 жылы Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының бір топ көрнекті ғалымдарымен бірге Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды. 1989 жылы Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды.
1980 жылдардың соңы — 1990 жылдардың бас кезінде қоғамдық-саяси өмірдегі түбегейлі өзгерістерге байланысты Қазақстанның тарих ғылымында да бетбұрыс басталды. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар алдында өткен тарихи жолды жаңа тұрғыдан зерделеу міндеті тұрды. Бірінші кезекте Қазақстан тарихындағы «ақтаңдақтарды» жою, халықтың мәдени мұрасын жаңғырту бағдарламасы жасалды. Осы кезден бастап К. Нұрпейіс басқаратын бөлім Қазақстан Республикасы тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге зор үлес қосып келді. КСРО-ның ыдырауы, Қазақстан тәуелсіздігінің жариялануы, ұлттық сана-сезімнің өсуі тарих ғылымының қоғамдағы орнын өзгертуді және өткен тарихты зерттеудің, оның ішінде Кеңес дәуірінің тарихы да бар, жаңа тұжырымдық негіздегі методологиялық әдістерін қарастыруды талап етті. Нәтижесінде бір кезде Кеңестік режим мен Коммунистік идеология тыйым салған XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысы, Алаш және «Алашорда» тарихы белсенді зерттеле бастады. Осы мәселелерді жаңа тұрғыдан зерттеуге К. Нұрпейіс өзі тікелей белсенділік көрсетті.
Ғалым алғашқылардың бірі болып XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық козғалыс тарихын, оның ішінде 1917 жылы ақпан және қазан революциялары мен Алаш көтерген Қазақ Автономиясының тарихын объективтік тұрғыдан зерттеу мәселесін көтерді.
1990 жылдары Тарих институты және өзі К. Нұрпейіс күш салып жүріп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына рұқсат алып, жарты жыл тапжылмай отырып зерттеу жүргізді. Ғалым «Алаш қайраткерлерінің кім болғанын сонда анық білдім» — деп, бөлімше бастығы болған Ресей Федерациясының қылмыстық кодексінің 58 бабына сәйкес сотталып, 1943 жылы Карлагтың бір лагерінде қайтыс болған әкесі Нұрпейіс рухына арнап «Алаш һәм Алашорда» еңбегін жазған болатын.
Тарихымыздың тылсым иірімімен суырылып шықкан «Алаш туралы сөз» атты құжаттық жаңа фильм де К. Нұрпейістің ғылыми кеңесші ретінде жаңа қырын таныта алды. Ол «Алаш һәм Алашорда» атты монографиясын жариялады (Алматы, 1995). Сонымен қатар, ғалым қазақ интеллигенциясының аса көрнекті өкілдері, Алаш қозғалысы қошбасыларының шығармашылық мұрасын зерттеді. Бұл жұмыстың нәтижесінде ол X. Досмұхамедовтың, М. Тынышбаевтың, Ә. Ермековтің шығармаларын, олар туралы құжаттық материалдарды жариялады.
К. Нұрпейіс Алаш ұлт-азаттық қозғалысы және «Алашорда» Автономиясының тарихын зерттейтін ғылыми мектептің негізін салушылардың бірі. Ғалым Т. Рысқұловтың өмірі мен қызметін зерттеуге, шығармаларын жариялауға да зор үлес қосты. Ізденістер мен көпшілігі әртүрлі мұрағаттардың бұрын жабық жатқан қорларынан алынған материалдар ғалымға кеңестік режимге рухани және саяси салада қарсылық көрсету тарихы туралы байыпты зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берді. Оның Е.Б. Бекмахановтың өмірі мен қызметі, оны қуғын-сүргінге ұшырату себептері туралы жазғандары, Е. Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монографиясын талқылаған мәжіліс стенограммасын жеке кітап етіп жариялауы жұртшылық арасында зор ықыласқа ие болды.
К. Нұрпейіс авторларынын бірі және бас редакция алқасының мүшесі ретінде бес томдық көне заманнан бүгінге дейінгі «Қазақстан тарихын» дайындап шығаруға қатынасты. Академик К. Нұрпейіс республикадағы археографиялық істің дамуына зор үлес қосты. Ол негізінен Қазақстанның XX ғасырдың тарихы бойынша құнды құжаттарды тауып, өңдеп, ғылыми айналымға енгізді. Ғалым Қазақстанда жарияланған 20-дан астам құжаттар жинағыньң құрастырушысы, редакторы, алғы сөзі мен түсініктемелерінің авторы болды.
К. Нұрпейіс белсенді ғылыми-редакторлық жұмыстарды да атқарып келді: 15 жыл бойы «Қазақ ССР ҒА хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы» журналы редакциялық алқасының жауапты хатшысы болды. 1998 жылдан бастап «Отан тарихы» журналының, Швецияда шығатын «Центральная Азия и Кавказ» қоғамдық-саяси журналы редакцияларының алқа мүшесі қызметін атқарды. «Қазақ тарихы» журналы шыға бастағаннан бері оның редакциялық алқа мүшесі, «Ұлттық энциклопедия» басылымдарының тарих секциясының төрағасы қызметтерін атқарды. 2004 жылдан бастап ағамыздың басшылығымен «Туған өлке» журналы шығарылды. Сонымен қатар ғылыми редакторлығымен Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған 16 монография мен мақалалар жинақтары жарық көрді.
К.Н. Нұрпейіс жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімін қайтару саласында үлкен қоғамдық жұмыс атқарды. Ол Республикалық «Әділет» ерікті тарихи-ағарту қоғамы құрылтайшыларының бірі және басқарма мүшесі болды. К.Н. Нұрпейіс Москва, Ереван, Ташкент, Бішкек, Уфа және басқа да қалаларда өткен халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар мен симпозиумдарға қатынасып, құнды баяндамалар жасады.
Академик К.Н. Нұрпейіс Отандық тарих ғьлымын дамытуға сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Мемлекет тарапынан көптеген марапаттауларға ие болды. 1989 ж. ол Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, 2003 жылы толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 1997 жылы ол Әлеуметтік академияның толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 1995 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. 1998 жылы К. Нұрпейіске «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы берілді.
Кеңес Нұрпейіс «Тарихи тұлғалар» мақалалар жинағы 2007 жылы жарық көрді. Кітапта Қазақстандағы ХІХ-ХХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстарының тарихы, Республикамыздың қоғамдык-саяси өмірінің мәселелері, 1917 жылғы қос революция, Алаш қозғалысының тарихы, 1918-1920 жылдардағы Азамат соғысының мәселелері тақырыбында кейінгі жылдары жазып, кезінде баспасөзде жарық көрген материалдары жинақталған. Барлығы 45 мақалалары жинастырылып ұсынылған болатын. Мұнда Қазақстан тарихына жаңаша тұжырымдарға сай зерделеу бағытымен танысып, коммунистік идеологияның кесірінен есімдері аталмай келген көрнекті ардагерлерінің өмірі мен қоғамдық қызметтері, тәуелсіздік жолындағы табанды күрестері жайлы дәйекті мағлұматтар берілген. Кітап Алаш қозғалысының 90 жылдығы, қызыл қырғынның 70 жылдығына арналып шығарылған болатын.
К. Нұрпейіс Қазақ тарихының ең маңызды мәселелерінің ірі зерттеушісі болды. Оның қаламынан 460-тан астам ғылыми және ғылыми-көпшілік жарияланымдар, олардың ішінде 12 монография, тың байқаулармен, мәнді ескертпелермен, дәйекті корытындылармен сипатталатын монографиялық тұрғыдағы 20-дан артық кітаптары бар.

 

А.К. Бегалиева,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

аға оқытушысы,

Ж.М. Арынов
Т.ғ.к, аға оқытушы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Қазақстан, Алматы қ., e-mail: arynov2050@gmail.com

Ұқсас жаңалықтар

Бүгіннен бастап Қазақстанда жаңа айыппұлдар қолданысқа енді

Алматының бұрынғы бас сәулетшісінің ісі: әкімдік 6 миллиард теңгені өндіруге талап арыз берді

shyn_ar_admin

Ұлттық сөздік қор: қазақ тілі жасанды интеллектке бейімделеді

Redaktor Shyn-Ar

Пікір жазу