Назарбаевтың Мәскеуге сапары бейресми сипатта өтті — Айдос Үкібай
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда Мәскеуге жасаған сапары бейресми және жеке сипатта болды. Бұл туралы экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді.
Оның айтуынша, сапардың басты себебі — Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға шақыру болған.
— Бұл сапар Жеңістің 80 жылдығына арналған шараларға байланысты болды. Алайда Назарбаев ресми мерекелік іс-шараларға қатыса алмады, сол себепті Ресей астанасына кейінірек жеке сапармен барды, — деді Үкібай.
Баспасөз хатшысы Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы достық қарым-қатынастың мемлекеттік өкілеттіктерден тыс қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, Назарбаев өзге елдердің басшыларымен де — Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь және т.б. — үнемі байланыста болады. Бұл байланыстар хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу және жеке кездесулер түрінде жалғасып келеді.
— Мұндай жеке кездесулер мен байланыстар халықаралық тәжірибеде бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалар үшін қалыпты жағдай, — деді Үкібай.
Сондай-ақ ол Назарбаевтың елден кеткені жөніндегі қауесеттерді жоққа шығарды:
— Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тұрып жатыр. Оның елден кетуі туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, — деді баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, 29 мамырда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуде жеке кездесу өткізгенін растаған болатын. Сол күні Путин Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэнің жесірі Акиэ Абэмен де жеке жүздескен еді.