16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі туралы іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.
Судья Ержан Жанұзақов жәбірленушілерден жауап алуға көшті. Бірінші болып Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадырова жауап берді.
«2024 жылы 4 қазанда оқиға болған күні сағат 11-дің (ред. – сағат 23.00) кезінде мен өзім жұмыстан келдім. Екі келінім шай-тамағын дайындап отырған. Менің жұмыс уақытым таңертеңгі оннан түнгі онға дейін. Шай ішіп отырған кезімде келінімнің телефонына қоңырау келді. Сөйтсек Қаржаубай екен. «Шерзат біреуді ұрып қойды, Нұрғанатты оятып жібер» деді. «Тыныштық па?» десем, «Иә, тыныштық, Тек Нұрғанатты жібере салыңыз» деді. Нұрғанатты келінім барып оятып, ол телефоны арқылы Қаржаубаймен сөйлесті де, тез-тез киініп кетті. Мен бұның тыныштық емес екенін білдім, шай-тамақ ішіп отыруға уақытым болған жоқ. Себебі Шерзат менің қолымда тәрбиеленген, өзіммен бірге тұратын немерем болатын. Келініме «Жүр, екеуміз шығып кетейік» деп айттым. (Нұрғанаттың) ізінше жүгіріп шығып кеттік», — деді ол.
Жәбірленушінің сөзінше, жолда такси тоқтатамын дегенше 10-15 минут өткен.
«Такси тоқтаттық та, магазинге бардық. Екі жерде балалар топ болып тұрған екен. Мен таксиден түсіп жатып, жан жағыма қарап Шерзатты іздедім. Шерзат көрінген жоқ. Мен Нұрғанатты да, Қаржаубайды да іздегем жоқ. Біреуді ұрып қойды деген соң, Шерзатты ғана іздедім. Ол жерде балалар ондай топ болып үйіліп тұр деген ойыма келген жоқ. Олай болады деп ойлаған жоқпын. Біреуді ұрып қойған екен, әжесімін ғой, не болса да барып кешірім сұрайын деген ой болды. Балам жеткен адамның жағасына жабысып, қол көтеріп жүрген бала емес. Боксқа қатысқаннан кейін, ол өзінің мінезіне ұстамды болатын. Ондай топ болып келеді екен, олар мылтықпен, пышақпен келетінін білгенімде үйімде отырып бірінші жедел жәрдем шақырып, милицияға хабарлар едім. Ондай ой болмағандықтан, мен өзім келдім. (…) Жолды кесіп өткен бойымда ана тұрған балалар жүгіріп кетті. Олар сол кезде Шерзатты көріп қалды. «Әй, балалар» деп алдынан шыққан кезімде көк спортивкадағы Абзал мені бар күшімен тартып жіберген кезде қолымдағы телефоным ұшып, жерге құлап қалдым. Оның Абзал екенін Нұрғанат айтты», — деді Жұмабике Қадырова.
Шерзаттың әжесі марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың айыпталушыларды сырттай танығанын айтты.
«Нұрғанаттың ажалына да осы балалар себепші болды», — деді жәбірленуші сот отырысында.