Қазақстанның халық жазушысы, белгілі драматург, танымал ақын әрі дарынды сазгер Исраил Сапарбай 2025 жылғы 18 шілде күні, қасиетті жұмаға қараған түнде 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Facebook парақшасында жариялады. Ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, отбасының көз алдында ауыр науқастан қайтыс болғанын Исраил Сапарбайдың ұлы Нұрлан Исраилұлы жеткізген.
Қасымхан Бегманов өзінің жазбасында:
> «Бүгін таңнан суық хабар жетті. Таңғы сағат төрт шамасында ұлы тұлғамыз Исраил Сапарбай ағамыздың бақилық болғаны туралы естідім. Бұл – қазақ руханияты үшін орны толмас қаза. Биыл бірінен соң бірі өмірден өткен әдебиет алыптары – Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, енді міне Исраил ағамыз – менің жүрегіме ауыр соққы болып тиді. Жақында ғана Төрағамен бірге хал-жағдайын сұрап, ауруханаға барғанымызда, ағамыз әлсін-әлсін өз өлеңдерін күбірлеп оқып жатты…»
Исраил Сапарбай – Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. Оның қаламынан туған сыршыл лирика, жүрекке жеткен әндер мен сахнада өмір сүрген драмалық шығармалар қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Оның әндерін халық әлі күнге сүйіп тыңдайды, ал өлеңдері – оқырман жүрегінен мәңгілік орын алған рухани мұра.
Марқұмның жаназасы мен ас беру рәсімі жөнінде қосымша ақпарат кейінірек хабарланатын болады.