12 шілдеден бастап бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киімдерге тыйым күшіне енді
Қазақстанда 12 шілдеден бастап қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салатын заңнамадағы өзгерістер күшіне енді. Осыған байланысты полицейлер азаматтарды жаңа нормалармен таныстырып, түсіндіру жұмыстарын бастады.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл өзгерістің мақсаты — азаматтардың діни сенім бостандығын шектемей, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұлғаны анықтау және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Учаскелік инспекторлар түсіндіргендей, тыйым адамның бет-жүзін толықтай жауып, оны тануға кедергі келтіретін киім түрлеріне қатысты. Мәселен, бетперде, никаб сияқты киімдерге шектеу қойылады. Ал хиджаб, шейла, химар, аль-амира сынды бет-жүзді жаппайтын киімдерге бұл тыйым қолданылмайды.
Сонымен қатар, бұл шектеу ауа райына, медициналық жағдайға байланысты, қызметтік немесе азаматтық міндеттерді орындау барысында, сондай-ақ спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар кезінде киілетін киімдерге жүрмейді.
Түсіндіру жұмыстары аясында полицейлер азаматтарға басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, интернет-алаяқтықтың түрлері, алаяқтардың алдау тәсілдері және тұрғындардың қалай алданып қалатыны жайлы кеңес айтылды.