Қазақстанда запастағы офицерлер әскери қызметке шақырылады. Бұл шара «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң аясында жүзеге асырылады және Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын арттыруға, сондай-ақ әскери дайындалған резервті қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Үкімет қаулысына сәйкес, 700 запастағы офицер Қарулы күштерге, 80 офицер Шекара қызметіне, 64 офицер Ұлттық ұланға және 15 офицер Төтенше жағдайлар министрлігіне жіберіледі.
Ведомство мәліметінше, шақыру авиациялық, инженерлік, артиллериялық, радиотехникалық, әскери тасымалдау, медициналық, тылдық, ақпараттық және барлау бағыттары бойынша аса қажетті әскери есептік мамандықтарды қамтиды.
Әскери қызметке денсаулығы жарамды, қажетті әскери есептік мамандығы бар 29 жасқа дейінгі запастағы офицерлер шақырылады. Ал медициналық мамандықтар бойынша жас шегі 32 жасқа дейін белгіленген.
Шақырылған офицерлердің әлеуметтік қамтамасыз етілуі келісімшарт бойынша әскери қызметшілер деңгейінде жүзеге асырылады. Қызмет барысында олар ақшалай үлеспен, тұрғын үймен немесе тұрғын үй төлемдерімен, тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі.
Офицерлер, әдетте, әскери есепке тұрған немесе тұрғылықты жері бойынша қызмет атқарады. Ресми мәліметке сәйкес, әскери қызметке қызығушылық танытқан әрі тұрақты жұмысы жоқ үміткерлерге басымдық беріледі.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, шақырту алған запастағы офицерлер белгіленген мерзімде жергілікті әскери басқару органына жеке куәлігі мен әскери билетін (бар болса) ұсынуы тиіс. Шақыртуды кейінге қалдыру отбасы жағдайына, білім алуына немесе денсаулық жағдайына байланысты шақыру комиссиясының шешімімен мүмкін болады.
Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру жоспарлы түрде және қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асырылады.
