Мәжілісте «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы таныстырылды. Жобаны Мәжіліс депутаты Абзал Құспан таныстырып, рақымшылық аясында 15 мың адамға жеңілдік жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Рақымшылыққа кімдер ілігеді?
Абзал Құспанның айтуынша, заң жобасы екі негізгі санаттағы азаматтарға қатысты болмақ:
-
6 мың адам – бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар;
-
9 мың адам – пробация қызметінің есебінде тұрғандар.
Жалпы саны – 15 мың адам.
Оның ішінде, нақты босатылатындар:
-
632 адам – түрмеден босайды;
-
3,5 мың адам – пробация есебінен шығады.
Сонымен қатар, жұмыс тобының соңғы ұсынысымен жазасының аяқталуына 1 жыл қалған және оң мінездеме алған 1700-ден астам азамат та бостандыққа шығуы мүмкін. Бұл норма заң жобасының 2 және 3-баптарына енгізілген.
Жазаны қысқарту: 11 мың адам қамтылады
Жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту шарасы:
-
5,4 мың сотталғанға;
-
5,5 мың пробация есебінде тұрған адамға қолданылады.
Осылайша, жазаны қысқарту жалпы 11 мың адамға әсер етеді.
Әлеуметтік осал топтар мен әйелдерге жеңілдік
Рақымшылық әлеуметтік тұрғыда осал топтарға да қолданылады. Бұл топқа 629 адам жатады, олардың:
-
57-сі босатылады,
-
572-сі бойынша мерзім қысқартылады.
Әйелдерге қатысты рақымшылық та қарастырылған:
-
833 әйел заң жобасына сай ілігеді,
-
109-ы босатылады,
-
724-інің жазасы қысқартылады.
-
Олардың қатарында:
-
кәмелетке толмағандар – 2;
-
жүкті әйелдер – 10;
-
кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар аналар – 331;
-
мүгедектігі бар әйелдер – 2;
-
зейнеткерлік жастағылар – 136.
Қылмыстық істер тоқтайды
Заң жобасында сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 2136 қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату қарастырылған. Нәтижесінде:
-
1773 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады,
-
олардың 99-ы тергеу изоляторында;
-
1674 адам бойынша үкім тағайындалғанда мерзім қысқартылады немесе босатылады.
-
«Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған адамдар рақымшылыққа ілікпейді,» – деді Абзал Құспан.
Босап шығатындарды бейімдеу – жергілікті әкімдіктердің міндеті
Заң жобасы аясында жергілікті атқарушы органдарға бостандыққа шығатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру міндеті жүктеледі.
Бюджетке тиімділік
Рақымшылық шаралары жыл сайын шамамен 5 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл – күніне 22,5 млн теңге. Бір сотталған адамға орташа есеппен 2900 теңге бюджет қаражаты жұмсалатыны ескерілген.