Мәжіліс әскери-патриоттық тәрбие және әскери қызмет мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады
Мәжіліс депутаттары әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлуге қатысты заңға өзгерістер мен толықтыруларды екінші оқылымда қабылдады.
Түзетулер депутаттардың бастамасымен әзірленіп, азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің кешенді жүйесін қалыптастыруды және бұл бағыттағы жұмыстарды барлық мемлекеттік органдармен бірлесіп үйлестіруді көздейді. Құжат алғаш рет 2024 жылғы 6 қарашада бірінші оқылымда мақұлданған.
Заң аясында білім беру ұйымдарындағы алғашқы әскери дайындық жетілдіріліп, бұл пәннің оқытушыларына қойылатын талаптар күшейтілмек. Әскери кафедраларда сабақ беретін қызметкерлердің мәртебесі де нақты белгіленеді.
- Сонымен қатар әскери-патриоттық клубтар мен үйірмелер білім беру ұйымдарында, оқушылар сарайларында және әскери бөлімдерде қосымша білім беру шеңберінде жұмыс істей алады. Әскерге шақыру алдындағы дайындықтан өткен жастарға «жас айбын» мәртебесі беріледі.
Әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында азаматтар әскери дайындықтан өздерінің тұрғылықты жерінде өте алады. Сондай-ақ, әскери есепке алу процесі автоматтандырылып, әскери қызметке шақыру жүйесі жетілдіріледі. Шақыруды кейінге қалдыру және босату шарттары да оңтайландырылады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясындағы кейбір функциялар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен Қорғаныс министрлігіне беріледі.