2026 жылдың наурыз айынан бастап Ресейде такси және жолаушылар тасымалына арналған көліктерге қатысты жаңа заңдар күшіне енеді. Бұл талаптар такси нарығына елеулі өзгеріс әкеліп, шетелдік, бұрын пайдаланылған автокөліктердің жаппай сатылымға шығуына себеп болуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, соның салдарынан алдағы жылдары Қазақстанға такси ретінде қолданылған көліктер легі келуі ықтимал.
Жаңа заңнамаға сәйкес:
-
Такси тасымалдаушыларға шетелдік көліктерді сатып алуға тыйым салынады;
-
Бұрыннан қолданылып жүрген шетелдік көліктерді такси ретінде қайта тіркеуге рұқсат берілмейді.
Мамандар бұл өзгерістер қалыптасқан бизнес-модельге кері әсер етеді деп отыр. Себебі ірі қалаларда такси қызметі көбінесе көлікті жалға беру жүйесіне негізделген.
Халықаралық Еуразиялық такси форумында сала өкілдері автопарктер шетелдік көліктерін жаппай сатуға мәжбүр болатынын мәлімдеді.
«Бұл заңдар такси бизнесінің ерекшеліктерін ескермейді. Көліктер жиі әртүрлі жүргізушілерге қайта тіркеледі. Нәтижесінде тасымалдаушылар шығынның бір бөлігін өтеу үшін көліктерін нарықтық бағадан төмен сатады», — деді «Главный путь» такси паркінің бас директоры Аркадий Лодягин.
Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылдан бастап Ресейден Қазақстанға бұрын такси ретінде пайдаланылған көліктер көптеп әкелінуі мүмкін. Мұндай көліктердің бағасы қолжетімді болғанымен, олармен байланысты тәуекел де жоғары.
Жағымсыз жағдайға тап болмас үшін көлік сатып аларда мына мәселелерге назар аударыңыз:
-
Көліктің тарихын мұқият тексеріңіз;
-
Бұрын такси ретінде пайдаланылмағанына көз жеткізіңіз;
-
Техникалық жағдайын толық диагностикадан өткізіңіз.
Егер көлік такси ретінде ұзақ уақыт қолданылып, техникалық тұрғыдан «шаршап қалған» болса, бағасы арзан болғанымен, ұзақмерзімді пайдалану тұрғысынан шығынды болуы мүмкін.
