Маусым айының басында ол «СК-Фармация» басшыларына қатысты қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болғанына қарамастан, олар тек қызметінен босатылғанын сынға алған болатын. Сол кезде Базарбек бұл мәселе бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Қаржы мониторингі агенттігіне және Бас прокуратураға арыз жолдайтынын айтқан еді.
Үкімет кулуарында журналистер қойған сұраққа жауап берген депутат қазіргі уақытта нақты қандай арыз дайындалып жатқанын айтты:
— Қазір Жоғары аудиторлық палата фармацевтика саласында жүргізген тексерістің нәтижелері негізінде Бас прокуратураға арыз дайындап жатырмын. Арыз «СК-Фармация» мен ірі фармацевтикалық компаниялардың қызметіне қатысты, — деді Бақытжан Базарбек.
Депутаттың айтуынша, фармацевтика саласынан бөлек, тағы үш бағыт бойынша арыздар әзірленіп жатыр:
-
МӘМС жүйесіне қатысты – қаржы жымқыру фактілеріне байланысты;
-
Ауыл шаруашылығы субсидиялары бойынша – тиімсіз бөліну және бақылаудың жоқтығы мәселелері;
-
Үкіметтің есебіне қатысты – 27 маусымда мақұлданған үкімет есебіне байланысты жеке арыз шілде айының соңында жолданады.
— Осы төрт арызды бесінші сессия басталғанға дейін соңына дейін жеткіземін. Бас прокуратурамен тығыз жұмыс жүргіземін. Қылмыстық істер қозғалып, тергеу, әшкерелеу, қажет болса тұтқындауларға дейін барамыз, — деді депутат.