Қазақы ит тұқымын сақтау мәселесі – Үкіметтің басты назарында
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қазақы ит тұқымын сақтау, көбейту және насихаттау мәселесіне қатысты депутаттық сауалға жауап берді.
Оның айтуынша, «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заң аясында үкімет тазы мен төбет тұқымдарын сақтау және дамытуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдаған. Атап айтқанда, 2025–2035 жылдарға арналған қазақы ит тұқымдарын сақтау және көбейту жөніндегі Жол картасы бекітіліп, оны жүзеге асыру жұмыстары басталып кеткен. Құжатта ит тұқымдарын қорғау, ғылыми тұрғыда зерттеу және халықаралық деңгейде танымал ету мәселелері қамтылған.
Премьер-министрдің айтуынша, қазақы ит тұқымына қатысты ұлттық стандарттар қабылданып, «Қазақ тазысы» туралы ғылыми зерттеулер жүргізілген. Ал «Қазақ төбеті» тұқымын зерттеу жұмысы 2025 жылы аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ, қазақы иттердің тұқымының тазалығын сақтау мәселесі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен талқыланған. Нәтижесінде, Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы құрылған. Бұл орталық тұқымы таза иттерді өсіру, олардың сапасын сынау, көрмелер, жарыстар мен байқаулар өткізу секілді жұмыстармен айналысады.
Олжас Бектенов 3 қыркүйекті Тазы мен төбет күні ретінде белгілеудің себебін де түсіндірді. Бұл күн – қазақы ит тұқымының халықаралық деңгейде алғаш тіркелген күні және қазақ тазысының алдын ала ресми танылған мерзімі ретінде таңдалған.
Сонымен қатар, премьер-министр белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» шығармасының желісімен көркем фильм түсіруге қатысты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
– Қазіргі уақытта бұл туындының негізінде түсірілетін фильм үшін қолайлы сценарийлерді іріктеу процесі жүріп жатыр, – деді ол.