Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша өтіп жатқан сот процесінде айыпталушы Шыңғыс Белғожаев жарыссөз барысында оқиғаның мән-жайын баяндап, кінәсіз адамдардың да жазаға тартылғалы жатқанын мәлімдеді.
«Біз ешқандай қылмыстық топ емеспіз. Топ құру, біреуге әдейі шабуыл жасау немесе төбелесуді алдын ала жоспарлау деген ойымыз болған жоқ. Мұндай жағдай болатынын ешқайсымыз білген жоқпыз», – деді ол.
Шыңғыстың айтуынша, оқиға бірнеше тізбекті себептерден туындаған:
– «Біріншіден, егер Шерзат Полат Дархан Әскентайды соқпағанда,
екіншіден, Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ алып, қайта-қайта ұмтылмағанда,
үшіншіден, Шерзат Полат Нұрқияс Ілиясовқа бірінші болып шабуыл жасамағанда,
төртіншіден, Нұрқанат Ғайыпбаев мылтық әкеліп, оны атпағанда, – мұндай қайғылы жағдай болмас еді», – деді Белғожаев.
Сотталушы Шерзаттың өлімі – бәріне ауыр тиген оқиға екенін, бірақ оның салдарынан кінәсіз жандардың жапа шегіп жатқанын айтты.
«Бұл өмірде ешкім мәңгі емес. Ажалы келген адам ерте емес, кеш емес – дәл уақытында кетеді. Қамшының сабындай қысқа өмірде бәріміз бір жолмен кетеміз. 17 жастағы Думан Ысқақ – бұл іске мүлдем қатысы жоқ, жазықсыз қамалып отыр. Ал Қалиахмет Дидарды бұл оқиғаға дейін мүлде танымайтынмын», – деді ол.
Сөз соңында Шыңғыс жәбірленуші тарап талап етіп отырған 660 миллион теңгені өтеу мүмкін емес екенін де атап өтті.
«Мұндағы 9 адамның бірде-біреуі бай емес, бәріміз қарапайым ауыл баласымыз. Мұндай соманы Қазақстанда өмір бойы жұмыс істесек те, жинай алмаймыз. Сондықтан, өтемақы талабын қанағаттандырусыз қалдыруыңызды сұраймыз», – деп аяқтады ол сөзін.