Сенаттағы брифинг барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Таяу Шығыстағы геосаяси қақтығыстың отандық бизнеске ықпалы жөнінде пікір білдірді.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда бірқатар қазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар уақытша тоқтап, бизнес өкілдері күту режиміне көшкен.
«Бізде астық жеткізілімдері болды. Азық-түлік өнімдерін өзара алмасу жобалары болды. Олар қазір тоқтап тұруы мүмкін», – деді Арман Исетов.
Сонымен қатар ол нақты тоқтаған жобалардың тізімін келтіре алмағанын атап өтті. Дегенмен, оның мәліметінше, бұл жағдай негізінен логистикалық және сауда бағыттарындағы бастамаларға қатысты болуы мүмкін.
Вице-министрдің айтуынша, инвестиция көлемі салыстырмалы түрде аз болғандықтан, соғыс салдарынан Қазақстан үшін айтарлықтай қаржылық шығындар тіркелмеген.
Иранмен арадағы әріптестік байланыстарға тоқталған ол бұл бағытта да белгілі бір әсер бар екенін, алайда оның ауқымы үлкен емес екенін жеткізді.
Жалпы алғанда, СІМ өкілі қазіргі жағдайды Қазақстан бизнесі үшін елеулі дағдарыс емес, бірақ белгілі бір тежегіш фактор ретінде бағалады.
