Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Берік Асыловты Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметіне қайта тағайындады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Асылов Берік Ноғайұлы Қазақстан Республикасының Бас прокуроры болып тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.
Берік Асылов прокуратура органдарындағы еңбек жолын Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасында тағылымдамадан өтуші ретінде бастаған. Кейін аға тергеуші, аса маңызды істер жөніндегі тергеуші, Алматы авиациялық көлік прокурорының орынбасары және Бас прокуратураның жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.
2001-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасында түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеп, Шымкент қаласының прокуроры, облыс прокурорының орынбасары және бірінші орынбасары болды.
Кейін Батыс өңірлік көлік прокуроры, Ақтөбе облысының прокуроры қызметтерін атқарды. 2010 жылы Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалса, 2011-2017 жылдары Алматы қаласының прокуроры болды.
2017-2019 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасын басқарды. Ал 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Берік Асылов Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметіне алғаш рет 2022 жылғы 3 наурызда тағайындалған болатын. Енді Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл қызметке қайта тағайындалды.
