«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Қазақстанда қарттар саны екі есеге өседі — ЮНИСЕФ болжамы

ЮНИСЕФ дерегінше, Орталық Азия елдері адам капиталына жеткілікті инвестиция салмаса, алдағы онжылдықтарда экономикалық өсім бәсеңдеуі мүмкін. 2050 жылға қарай жастар саны азайып, қарт тұрғындар көбейеді. Бұл үрдіс Қазақстанда да байқалады: ел аталған жылға қарай «қартаю қоғамына» ресми түрде өтеді деп болжануда.

Қазіргі таңда Орталық Азия халқының басым бөлігін 30 жасқа дейінгі жастар құрайды. Бұл аймаққа жедел экономикалық серпін жасау үшін үлкен мүмкіндік береді, өйткені өсім көрсеткіштері адамның біліміне, денсаулығына, кәсіби дағдыларына және әлеуметтік қорғалуына тікелей байланысты. ЮНИСЕФ мамандары ерте даму, сапалы білім, денсаулық сақтау, кәсіби дағдыларды дамыту, әлеуметтік қорғау және балалар қауіпсіздігіне салынатын инвестициялар демографиялық дивидендті тиімді пайдалануға жол ашатынын атап өтеді.

Орталық Азия Еуразиядағы ең жылдам өсіп келе жатқан өңірлердің бірі саналады. 2050 жылға қарай аймақ халқы 30 миллион адамға өсіп, 112 миллионға жетеді. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Қазіргі кезде өңір тұрғындарының 50%-дан астамы 30 жасқа дейінгі азаматтар болса, 2050 жылға қарай олардың үлесі 40%-дан төмендейді. Яғни демографиялық мүмкіндік терезесі ұзаққа созылмайды.

Қазақстанда 2050 жылға қарай 65 жастан асқан азаматтардың саны екі есеге артады. Сарапшылар дұрыс бағытталған инвестициялар арқылы осы кезеңге дейін жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні 14%-ға дейін арттыруға болатынын айтады. Өзбекстан халқы 2025 жылғы 37 миллионнан 2050 жылы 52 миллионға дейін өсіп, білім беру, денсаулық сақтау және еңбек нарығына қосымша жүктеме түсіреді. Тәжікстан да халық өсімі бойынша аймақта алда тұр: 2050 жылға қарай өсім 45%-дан асады, ел Еуразиядағы ең жас халық құрылымын сақтап қалады.

Болжам бойынша, өңірдегі балалар саны 2035 жылға дейін өседі, кейін азая бастайды. Бұл жастар санының төмендеуіне әкеліп, экономикалық өсімге ықпал ететін факторлардың әлсіреуіне себеп болуы мүмкін. Сонымен бірге 2050 жылға қарай қарттар саны көбейіп, еңбек ресурстарының жетіспеушілігі байқалады.

Зерттеу өнімділіктің үштен екісі білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау және балалар қауіпсіздігіне байланысты екенін көрсетеді. Егер осы салаларға жеткілікті деңгейде инвестиция салынбаса, өңір елдері демографиялық артықшылықтарын жоғалтып, экономикалық әлеуетін толық іске асыра алмайды.

Ұқсас жаңалықтар

«Біз әлі талай қазақша сөйлейміз!»: Жәнібек Әлімханұлы допинг дауынан кейін ресми мәлімдеме жасады

Балаларға тиесілі 88 млн-ды жымқырғандар сотталды – «Даму бала» дауының соңы

Бұрынғы судья Қарлығаш Тәткееваға іздеу жарияланды