Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Горды қабылдады.
Кездесу барысында Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі.
Президент аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастыққа тоқталып, АҚШ-тың Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен байланысқа ерекше мән беріп отырғанын айтты. Сондай-ақ ол Серджио Гор арқылы АҚШ президенті Дональд Трампқа сәлем жолдап, жыл соңында кездесу болады деп үміттенетінін жеткізді.
Өз кезегінде Серджио Гор Дональд Трамптың сәлемін жеткізіп, Қазақстан президентінің қызметін жоғары бағалайтынын айтты.
«Сіздің Ақ үйде досыңыз бар деп сеніммен айта аламын. Президент Трамп сіздің еңбегіңізді жоғары бағалайды. Біз екі ел үшін де тиімді шешімдер іздеуге дайынбыз», – деді ол.
Арнайы өкілдің айтуынша, соңғы бір жылдың өзінде АҚШ пен Орталық Азия елдері арасында 20 миллиард доллардан астам келісімдер жасалған.
Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық жобалар, аса маңызды минералдар, көлік-логистика, цифрландыру және басқа да бағыттардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, қазақ-америка ынтымақтастығын одан әрі дамытуға дайын екенін растады.
