Қоғам – сан түрлі мамандық иелері мен еңбек адамдарының бірлескен әрекеті арқылы дамитын күрделі жүйе. Әрбір адамның қоғамдағы өз орны мен атқаратын қызметі бар. Сол себепті кез келген еңбек адамы – қоғам үшін маңызды тұлға. Қарапайым жұмысшыдан бастап, білікті маманға дейінгі барлық адамдардың еңбегі елдің дамуына өз үлесін қосады.
Еңбек – адам өмірінің негізгі тірегі. Адам өз еңбегі арқылы тек материалдық қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, қоғамға пайда келтіреді. Мысалы, мұғалім – білім беріп, ұлт болашағын қалыптастырады, дәрігер – адам денсаулығын сақтайды, құрылысшы – елдің инфрақұрылымын дамытады, ал ауыл шаруашылығы саласының мамандары халықты азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, инженерлер мен бағдарламашылар қазіргі замандағы технологиялық дамудың алға жылжуына ықпал етеді. Осы мамандықтардың барлығы өзара тығыз байланысты және бірін-бірі толықтырып отырады.
Қазіргі қоғамда кейбір мамандықтарды жоғары бағалап, ал кейбірін елеусіз қалдыру сияқты көзқарас кездеседі. Дегенмен, мұндай түсінік біржақты болып табылады. Мысалы, тазалық қызметкерлері, жүргізушілер, сатушылар сияқты мамандық иелері күнделікті өмірдің қалыпты жүруіне үлкен үлес қосады. Егер осы қызметтер уақытында атқарылмаса, қоғамда көптеген қиындықтар туындайтыны анық. Сондықтан әрбір еңбек түрін құрметтеу – өркениетті қоғамның басты белгісі.
Еңбек адамды тек материалдық жағынан ғана қамтамасыз етпейді, ол тұлғаның қалыптасуына да әсер етеді. Еңбек арқылы адам бойында жауапкершілік, табандылық, шыдамдылық, адалдық сияқты қасиеттер қалыптасады. Сонымен қатар, еңбек ету арқылы адам өз еңбегінің нәтижесін көріп, рухани қанағат алады. Бұл оның қоғамдағы орнын сезінуіне, өзін-өзі дамытуына мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда жастар арасында жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылу, тез жетістікке жетуді қалау сияқты үрдістер байқалады. Алайда шынайы жетістік тек адал еңбек пен табандылықтың нәтижесінде келетінін түсіну маңызды. Осы тұрғыда еңбек адамдарының өмірі мен тәжірибесін насихаттау, олардың жетістіктерін үлгі ету – маңызды міндеттердің бірі.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан да еңбек адамдарына қолдау көрсету, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Бұл өз кезегінде қоғамдағы еңбекке деген құрметті арттырады.
Қорытындылай келе, қоғамдағы әрбір еңбек адамы – ел дамуының тірегі. Ешбір мамандықты төмендетуге болмайды, өйткені олардың барлығы қоғамның тұрақты дамуына үлес қосады. Адал еңбек еткен адам әрқашан құрметке лайық. Сондықтан еңбек адамын қадірлеу, олардың еңбегін бағалау – әрбір азаматтың парызы.
Рафикова Кәусар Медеуқызы
