Менің анам кім? Менің анам мен үшін«Адамзатты махаббатпен жаратқан» Алланың жер бетіндегі ең үлкен махаббатының белгісі. Бұлай болуы да хақ. Себебі дүниедегі бар мейірім мен ізгілік атаулы, жақсылық пен жанашырлық, баласы үшін жанқиярлық сезім тек ананың болмысында қалыптасқандай. Ананың жанында бәрі жап—жарық, қара су мен қара нан да сондай тәтті, кішкентай үйде ананың құшағында хан сарайынан да кең. Әр адам кез келген жасында өзінің қорғансыз, әлсіз қалін, жаңбырда қалған торғайдың балапанындай тек ананың ғана алдында еш қымсынбай, еш ұялмай көрсете алады. Әрі қамқорлық пен жылулыққа толы қанатының астына тығыла қалады. Мен де сондай Алланың махаббатына бөленіп жүрген адамымын.
Мына әлемдегі әр адамның маңдайына жазылып, болмысына айналып, тұлғасын қалыптастыратын өмірлік қызметі болады екен. Менің анам – мейірбике. Анамның бойындағы жанашырлық, жанарынан төгіліп тұратын мейірімділік адамдардың сыртын ғана емес, ол кісілердің жан жарасына да жамау болып келеді. Біз анамыздың алдына келген әрбір жанға бейжай қарамай, күн демей, түн демей жанына шипа іздеген науқасқа дәрісін беріп, ем жасаған сәттеріне көп куә болдық. Ауырып ем іздеп келген әрбір жанның алдында анамыздың әр қадамы бағалы, әрқайсысының денсаулығы аманат екенін, еңбегінің сауапты әрі құнды екенін түсіндік. Анамды көргенде алғыс жаудырған үлкен мен кішіге қарап, еңбегінің өлшеусіз, ісінің адал екеніне көзім жете берді. Сол үшін де бала күніміздің кей сәтінде «жұмыс» деп бізді күттірген кездерінің бекер еместігін түсіндім.
Жалпы отбасы деген кішігірім мемлекеттің ұйытқысы әйел, ана екені белгілі. Әкені де, баланы да, туысты да бір ортада шашауын шығармай, айрандай ұйытып отыратын да ана. Әр адамның жанары сол адамның ішкі айнасы болса одан бәрін көруге болады. Жақсылықты да, қуаныш пен ашу—ызаны да, ал ананың жанары тек мейірім менжылулықтан тұрады. Сол үшін де жер бетіндегі әр адам басқа, ал АНА болса махаббатқа жаралған еңерекше жаратылыс.
Рафикова Кәусар Медеуқызы
