«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

115 мың қазақстандықтың мобильді аударымдарына қатысты тексеріс басталады

Қазақстанның Қаржы министрлігі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп мобильді аударымдарға жүргізілген тексеруді аяқтады. Нәтижесінде шоттарындағы операциялары күмән тудырған 115 мың адам анықталған.

Қаржы министрі Мади Такиевтің айтуынша, тексеру барысында жалпы сомасы 1 триллион теңгеден асатын күмәнді аударымдар тіркелген.

Олардың ішінде 67 мың азаматтың жеке карталарына шамамен 670 миллиард теңге түскені белгілі болды. Сонымен қатар 7,8 мың шетел азаматы да салық органдарының бақылауына алынған. Ал ресми тіркелген жеке кәсіпкерлердің үлесіне небәрі 200 миллиард теңге тиесілі болған.

Министрдің сөзінше, бақылауға көбінесе төлемдерді жеке банк карталары арқылы қабылдайтын такси жүргізушілері, курьерлер және өзге де өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар іліккен.

Салық органынан хабарлама келсе, бұл бірден айыппұл салынды дегенді білдірмейді. Азаматқа тек түсініктеме беру ұсынылады.

Егер картаға түскен ақша:

  • туыстардан келген көмек немесе сыйлық болса;
  • қайтарылған қарыз болса;
  • қайырымдылыққа немесе ортақ қажеттілікке жиналған қаражат болса,

онда мұны дәлелдейтін құжаттар мен хат алмасуларды көрсету жеткілікті.

Ал егер азамат жеке картасына тұрақты түрде қызметі үшін төлем қабылдап отырған болса (такси, жеткізу, жалға беру және т.б.), бұл кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуге міндеттеледі.

Мамандар азаматтарға салық органдарының хабарламасын назардан тыс қалдырмауға кеңес береді. Жауап беру үшін 30 жұмыс күні беріледі. Уақытында жауап берілмесе, банк шоттарына шектеу қойылуы мүмкін.

Айта кетейік, жалпыға бірдей декларациялаудың соңғы кезеңі аяқталғаннан кейін еліміздегі ірі банктер мобильді аударымдар туралы мәліметтерді автоматты түрде салық органдарына жолдайды.

Ұқсас жаңалықтар

340 млн теңге: Астанада балаларға «қайырымдылық» желеуімен көшеде ақша жинатқан

Redaktor Shyn-Ar

Роман Скляр президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды

Redaktor Shyn-Ar

Абай облысының әкімі Берік Уәли сынға қалған орынбасарын қызметінен алып тастады

Redaktor Shyn-Ar