Қазақстанда малшылар мен шопандардың зейнеткерлік жасын төмендету жоспарланып отыр. Бұл бастама 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында қарастырылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңесте 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті дамыту мәселесі талқыланды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, жоспар мал шаруашылығын қолдауға бағытталған нақты шараларды қамтиды. Құжатта асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие беру көзделген. Сонымен қатар, жем-шөп алу, жанар-жағармай, ветеринариялық дәрі-дәрмек және басқа да өндірістік шығындарға арналған айналым қаражатын толықтыру үшін 5 пайыздық несие беру жоспарланып отыр.
Жоспарда малшыларды әлеуметтік қолдау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Малшылар мен шопандар үшін зейнеткерлік жасты төмендету, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, осы салада еңбек ететіндердің балаларына білім беру гранттарын басымдықпен бөлу және ауылдық жерлерде тұрғын үй салуды субсидиялау шаралары қарастырылған.
Қоғамдық кеңес мүшелері қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарын қолдауды күшейтуді, жайылымдық мал азығын өндіруді дамытуды, егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді мал шаруашылығына тартуды және ішкі нарықты сапасыз өнімдерден қорғауды ұсынды.
Талқылау қорытындысы бойынша мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының жобасы бірауыздан мақұлданды.
