Ұлттық ұлан Шымкент қаласында мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаздың қайтыс болғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, ол Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы әскерге шақырылған.
Әскери қызметші денсаулығына байланысты бірнеше рет дәрігерлерге қаралған. Ол дәрігерлердің бақылауында болып, қаладағы медициналық мекемелерде тексеруден өтіп жүрген. 6 қаңтар күні сарбаздың жүрегі кенеттен тоқтап қалған. Дәрігерлердің көрсеткен жедел көмегі мен реанимациялық шараларға қарамастан, ол қалалық ауруханалардың бірінде көз жұмды. Алдын ала диагноз – жедел лейкоз.
Аталған дерек бойынша әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиға Ішкі істер министрінің орынбасары – ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшысының жеке бақылауында.
Бұған дейін Маңғыстау облысында әскерге егіз бауырынан кейін шақырылған Дінмұхамед есімді сарбаздың қаза болғаны хабарланған. Алғашында егіздер бір әскери бөлімде қызмет атқарғанымен, кейін олардың бірі басқа бөлімге ауыстырылған. 2023 жылғы 17 қыркүйекте отбасы Дінмұхамедтің қаза тапқаны туралы қаралы хабар алған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған деп болжанған, алайда марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспейді.
Кейін Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Боранбаев 19 жастағы Дінмұхамедтің өліміне қатысты пікір білдіріп, бауырларды әдейі ажырату болмағанын, олардың әртүрлі уақытта және әртүрлі елді мекендерден әскерге шақырылғанын мәлімдеген.
