«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратБілім

Грант ала алмағандарға жаңа мүмкіндіктер: Саясат Нұрбек үмітті үзбеуге шақырды

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланғаннан кейін талапкерлер мен ата-аналарға үндеу жолдады. Ол грантқа ие болған 77 мыңнан астам талапкерді құттықтап, оқуға түсе алмаған жастарға да қолдау білдірді.

«Егер сіз биыл мемлекеттік білім грантына іліге алмасаңыз, бұл үміттің үзілгені емес. Грант – тек бір мүмкіндік. Мақсатына сенген адам ешқашан жарты жолда қалмайды», – деді министр.

Оның айтуынша, биылғы конкурсқа қатысушылар саны былтырғыдан 9 мыңға көп болған, соған байланысты бәсекелестік те жоғары деңгейде өтті. Дегенмен, білім алудың жалғыз жолы мемлекеттік грант емес екенін атап өтті.

Министрдің айтуынша, жоғары оқу орындары тарапынан ұсынылатын ректор гранттары биыл 2 000-нан асып отыр. Мысалы, «Туран-Астана» университеті негізгі ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанған талапкерлерге 4 жылдық оқу гранттарын ұсынады. Ал Халықаралық туризм және меймандостық университеті 680 мақсатты грант бөлген.

Сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балалары мен сұранысқа ие мамандықтарға арналған жергілікті әкімдік гранттары да бар. 2025 жылы осындай гранттардың саны 1 700-ден асты.

Жұмыс берушілер мен университеттер арасындағы келісім негізінде де арнайы гранттар беріледі. Бұл гранттар нақты мамандық бойынша оқытып, кейін сол салада жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жеке демеушілер мен қорлар тарапынан да қолдау көрсетіледі. Мысалы, «Қазақстан халқына» қоры 500 грант ұсынса, «KAZENERGY» қауымдастығы инженерия, IT, жаратылыстану ғылымдары мен ауыл шаруашылығы салаларында оқуға қолдау көрсетеді. Ал «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының «Murager» бағдарламасы ауылдық жерлерден шыққан жастарға техникалық және ғылыми бағыттарда оқу гранттарын бөледі.

Министр кейбір талапкерлер гранттан бас тартуы мүмкін екенін де еске салды. Мұндай жағдайда келесі кезекте тұрған жоғары балл жинаған талапкерлерге мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, ақылы бөлімде оқуды бастап, оқу үлгерімі жақсы болған жағдайда бос грантқа ауысу мүмкіндігі де бар екенін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

ЖОО-ға түсушілерге маңызды жаңалық: Министрлік шекті баллдарды жариялады

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстандағы миграция: ең көп келетіндер қай елдің азаматтары?

Халыққа тегін берілетін 3 500 дәрінің 20-сына қауіпсіздік стандартына сәйкессіздік анықталды