«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратҚоғам

Қазақстанда адам өлтіргендердің жаза мерзімін қысқарту мәселесі қаралды

Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда қылмыстық және әкімшілік рақымшылық туралы заң жобасын қарады. Құжатта айыппұлдарды есептен шығару және сотталғандардың жаза мерзімін қысқарту мәселелері қарастырылған. Заң жобасын депутат Снежанна Имашева таныстырды.

Оның айтуынша, қылмыстық рақымшылық қылмыстық теріс қылықтарға, сондай-ақ ауырлығы жеңіл және орташа қылмыстарға қолданылады. Егер келтірілген залал болмаған немесе толық өтелген жағдайда, мұндай істер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босату ұсынылады. Ал ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша зиян толық өтелсе, жаза мерзімін қысқарту қарастырылуы мүмкін.

Яғни сот анықтаған залал толық өтелген жағдайда сотталған адам рақымшылық аясында жаза мерзімін қысқартуға өтініш бере алады. Дегенмен түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Осы бастама қоғамда Қуандық Бишімбаев ісіне қатысты пікірталасты қайта жандандырды. Ол жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған.

2024 жылдың қыркүйегінде сот Бишімбаевты марқұмның отбасына 16,8 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеген. Нүкенованың жақындары бұл өтемақыны өндіріп алудан бас тартқан. Ал оның ағасы Айтбек Амангелді 1,5 миллиард теңге талап етіп, апелляция бергенімен, сот бастапқы шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Теориялық тұрғыда, егер жаңа заң қабылданып, барлық талаптар орындалса, Бишімбаев та жаза мерзімін қысқарту туралы өтініш бере алуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша рақымшылық жарияланатынын айтқан болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Бақытжан Бауыржанұлы Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды

“Шерзаттың өлімінен кейін сотталушыларды Хасанға қарсы жаламен көндірген”: Сотта Хасан Қасымбаевтың адвокаты прокуратура мен ҰҚК-ны айыптады

Депутат “Алтын орданы“ және Болат Назарбаевтың ұлының активтерін тексеруді талап етті