Қазақстанның мемлекеттік сыртқы қарызы 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 8,2 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қаржы министрлігі BAQ.KZ порталының ресми сауалына берген жауабында хабарланды. Сарапшылардың айтуынша, қарыз көлемінің артуы экономикаға әсер етіп, бюджетке түсетін жүктемені күшейтуі және теңге бағамы мен инфляцияға ықпал етуі мүмкін.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік сыртқы қарыздың негізгі бөлігі халықаралық нарықта шығарылған облигациялардан тұрады – 58%. Халықаралық қаржы ұйымдары алдындағы берешек 34% болса, рубльмен шығарылған облигациялар 4%, ал шетелдік үкіметтер мен коммерциялық банктер алдындағы қарыз 3% құрайды. Негізгі кредиторлар қатарында Халықаралық қайта құру және даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі бар. Сонымен бірге JICA, KfW және Қытай Эксимбанкі де несие берушілер қатарында.
Қаржы министрлігі бюджет тапшылығы жыл сайын ішкі және сыртқы нарықтардан қарыз алу арқылы жабылатынын, алдымен ішкі нарық мүмкіндіктері пайдаланылатынын, ал сыртқы қарыз қосымша қаржы көзі ретінде тартылатынын түсіндірді. Бұл тәсіл қарыз портфелін әртараптандыруға және валюталық тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Сонымен қатар Қазақстанның Халықаралық валюта қоры алдында қарызы жоқ, барлық міндеттемелер 2000 жылы толық өтелген, алайда ұйыммен техникалық ынтымақтастық жалғасып келеді.
Сарапшы Данияр Құрмашевтің пікірінше, сыртқы қарыздың өсуі бюджетке қызмет көрсету шығындарын арттырып, сыртқы нарықтарға тәуелділікті күшейтеді. Оның айтуынша, валюталық міндеттемелер көбейген сайын доллар сұранысы өсіп, бұл теңгенің әлсіреуіне әсер етуі мүмкін, ал теңгенің құнсыздануы импорттың қымбаттауына және инфляцияның өсуіне алып келеді. Сонымен бірге қарызға қызмет көрсету шығындарының артуы әлеуметтік және инфрақұрылымдық шығындарды қысқартуы ықтимал.
Маман қазіргі жағдайда дефолт қаупі орташа-төмен деңгейде екенін айтады, бұған Ұлттық қор резервтері мен қарыз деңгейінің салыстырмалы тұрақтылығы әсер етіп отыр. Дегенмен мұнай бағасының төмендеуі немесе теңгенің әлсіреуі жағдайында тәуекелдер артуы мүмкін. Ең осал салалар ретінде банк секторы, құрылыс және валютамен қарыз алған компаниялар аталады. Сарапшының айтуынша, сыртқы қарыз алдағы уақытта да біртіндеп өсуі мүмкін, алайда басты талап – тартылған қаражаттың тиімді пайдаланылып, экономикалық өсімге қызмет етуі.
