«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратМәдениет

Кенес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова Алматы қаласына құны 900 млн теңгені құрайтын жаңа саябақ сыйлады

Шоқан Уәлиханов атындағы жеке меншік мектептің (Shoqan School) негізін қалаушылар – кәсіпкер Кенес Рақышев пен эколог Әсел Тасмағамбетова Алматы қаласының орталығынан құны 600 миллион теңге болатын жер телімін сатып алып, оны өтеусіз негізде қаланың коммуналдық меншігіне тапсырды.

Сонымен қатар, меценаттар аумақты абаттандыруға 300 миллион теңгеден астам қаржы бөліп, қала тұрғындары еркін пайдалана алатын жаңа саябақ салды. Аумағы 0,25 гектар болатын кеңістікте ағаштар, гүлдер мен бұталар отырғызылып, орындықтар орнатылды, жарықтандыру және автоматты суару жүйелері жүргізілді.

Қазіргі уақытта саябақты күтіп-ұстау мен инфрақұрылымына қызмет көрсету шығындарын да Кенес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова өз қаражаттары есебінен қаржыландырып келеді.

Бұл жоба – ерлі-зайыптылардың ширек ғасырға жуық уақыттан бері жүзеге асырып келе жатқан жүйелі қайырымдылық қызметінің жалғасы. 2002 жылы олар Қазақстандағы алғашқы қайырымдылық ұйымдарының бірі – «Сәби» жеке қайырымдылық қорын құрды. Қор қызметі аясында еліміздің түрлі өңірлерінде мектептер, балалар үйлері, балаларға арналған шұғыл хирургия орталықтары, инклюзивті спорт алаңдары бой көтерді, тегін робототехника орталықтары ашылды. Мыңдаған адамға атаулы көмек көрсетіліп, 80-нен астам қазақстандық кәсіпкерге өз ісін дамыту үшін қайтарымсыз гранттар берілді.

Кенес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова республикалық деңгейдегі оннан астам әлеуметтік бағдарламаның бастамашылары. Сонымен қатар, олар түрлі қайырымдылық жобаларына өз қаражаттарынан 180 миллион теңгеден астам қаржы бөлген.

2026 жылдың қыркүйегінде Shoqan School базасында Тұрақты даму орталығы өз жұмысын бастайды. Бұл орталық балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, ғылыми әлеуетін дамытуға және тұрақты даму қағидаттарын тәжірибе арқылы меңгеруге бағытталған жаңа білім беру алаңы болмақ.

«Сәби» қоры құрылған күннен бастап біздің негізгі басымдықтарымыз – білім беру, медицина және экология. Біз әрбір жобада мәселені терең зерттеп, қоғамға ұзақ мерзімді пайда әкелетін жүйелі шешімдерді жүзеге асыруға ұмтыламыз.

Соңғы төрт жыл бойы Shoqan School базасында 3–11-сынып оқушыларына арналған Shoqan Ecology халықаралық жас ғалымдар байқауын өткізіп келеміз. Бұл жоба қазақстандық оқушылардың ғылымға деген қызығушылығы мен әлеуетінің өте жоғары екенін көрсетті.

Тұрақты даму орталығын құрудағы мақсатымыз – оны қазақстандық ғалымдардың, экологтар мен инженерлердің жаңа буынын тәрбиелейтін шығармашылық және тәжірибелік ортаға айналдыру. Балалар дәл осы жерде Қазақстанның игілігі үшін өздерінің ең батыл идеяларын жүзеге асыра алады», – деді эколог, Shoqan School және «Сәби» жеке қайырымдылық қорының негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова.

Орталық бағдарламасы инженерия, экология, агротехнология және заманауи технологиялар бағыттарын қамтиды. Оқушылар жасыл қалалық кеңістіктерді жобалауды, баламалы энергия көздерін зерттеуді, қаланы көгалдандыруға арналған ағаштар мен өсімдіктерді өсіруді тәжірибе жүзінде меңгереді. Сонымен қатар, олар Shoqan Ecology форумы мен басқа да ғылыми байқауларға арналған зерттеу жобаларын әзірлейді.

Ұқсас жаңалықтар

«Қазақстанның тұңғыш барысы» жаңа қызметке тағайындалды

Какие фары можно использовать на казахстанских дорогах

Бас мүфти 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады