Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстан экономикасын реформалау және цифрландыру бағытындағы маңызды бастамаларға баса назар аударды. Ел Президенті инновацияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажеттігін атап, ұлттық экономиканы жаппай цифрландыру – бүгінгі күннің басты міндеті екенін айтты.
«Соңғы жылдары еліміздің экономикасын реформалауға бағытталған ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Биылғы Жолдауда ұсынған жоспарлар осы бастамаларды әрі қарай дамыта түседі. Біз жаңа индустриалды құрылымды қалыптастыруға бет алдық. Энергетика және коммуналдық инфрақұрылым салалары біртіндеп жаңғыртылуда», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстанның геосаяси жағдайына да тоқталған Тоқаев елдің Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі құрлық дәлізі екенін, осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, көлік-транзит әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. Сонымен қатар, жаңа инвестициялық кезеңді бастау және азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет инвестициялық ахуал мен іскерлік ортаны жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Ұлттық экономиканы дамытуда ауқымды қаржылық ресурстарды жұмылдырумен қатар, ірі инвестиция тартуға тырысамыз. Бірақ ең басты байлығымыз – адам капиталы. Сол себепті білім, медицина, ғылым және жастарды қолдау шаралары жаңа деңгейге көтерілді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғанын атап, бұл шешімнің қоғамдағы еңбекқорлық мәдениетін арттыруға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар, жаңа мектептер салу, жоғары білім, спорт және креативті индустрияларды дамытуға, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін жаңғыртуға айтарлықтай қаржы бөлінгенін хабарлады. Қоғамдық экологиялық мәдениетті нығайту мақсатында да «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы іске асырылып, оған миллиондаған азаматтар қатысқан.
Президенттің сөзінше, бұл барлық шаралар Әділетті, Таза, Қауіпсіз, Қуатты және Цифрлық Қазақстанды құрудағы маңызды бағыттар болып табылады.
Әлемдегі қазіргі жағдайға қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениеттер арасындағы қарама-қайшылықтардың күшеюіне, сауда және санкция соғыстарының бәсеңдемеуіне, сондай-ақ әскери қару-жарақ жарысының өршуіне тоқталды.
«Дүние жүзіндегі гибридті соғыстардың майдан шебі анық емес. Бірақ олардың нәтижесінде үлкен адам шығыны, босқындар толқыны және экономикалық залал болып жатыр. Ядролық қақтығыс қаупі бізді қатты алаңдатады. Сарапшылар соңғы онжылдықта мұндай қауіптің күрт өскенін жиі айтады. Өкінішке қарай, әлемде саяси ұстамдылық пен конструктивті ұсыныстардың орнына өшпенділік пен геосаяси бөлінушілік күшейіп, әлеуметтік шиеленіс ушығып барады», – деді Мемлекет басшысы.
Осы күрделі жағдайда халықаралық аренада сенімді арттыру мен диалогқа шақырудың маңыздылығын ерекше атап өткен Тоқаев конструктивті дипломатияны алдыңғы орынға қою қажеттігін айтты.
