Алматыда оқу орталығының басшысы бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Ол 112-ден астам адамның сенімін пайдаланып, 168 миллион теңгеден астам қаражатты ұрлағаны анықталды. Сот материалдары бойынша, сотталушы ғаламторда үздіксіз жарнама жүргізіп, балаларды шетелдік жоғары оқу орындарына 100 пайыз түсіретінін уәде еткен. Сондай-ақ, ол Foundation бағдарламасы бойынша тұрғылықты қаладағы орталықта оқытамыз деп сендірген.
Оқу ақысын төлеу үшін сотталушы бөліп төлеу жоспарын немесе қосымша жеңілдіктер мен несиені жылдам рәсімдеу схемаларын ұсынған. Алайда, кейін шетелде оқыту мен сертификаттар берілмегені белгілі болды. Бұл әрекеттер арқылы ол ірі көлемдегі ақшаны жымқырып, адамдарды жүйелі түрде алдаған.
Сотталушы өз кінәсін мойындамады, соттан ақталуды немесе істі қайта қарауды сұрады. Ал жәбірленушілер ең ауыр жаза қолданылуын талап етсе, прокурор оған 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Заңға сәйкес, алаяқтық қылмысы үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот сотталушыны кінәлі деп танып, оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Рақымшылық туралы» заңға сәйкес жаза 1/5 бөлігіне қысқартылып, түпкілікті мерзім 5 жыл 7 ай 6 тәулік болды. Сондай-ақ, 112 жәбірленушінің 7-еуіне келтірілген шығынды ішінара өтеу жауапкершілікті жеңілдетті. Ауырлататын жағдайлар анықталмады.
Азаматтық талаптар толығымен қанағаттандырылып, сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 168 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді. Осы іс бойынша сот әділ шешім шығарды деп бағалануда.
