Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидзеге І дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Салтанатты марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы оны Қазақстанның сенімді досы, көреген көшбасшы және өз ісіне адал мемлекет қайраткері ретінде атап өтті.
Президенттің айтуынша, Ираклий Кобахидзенің басшылығымен Грузия ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформаларды табысты жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын жақсартып келеді. Сонымен қатар елдің халықаралық беделі артып, өңірдегі маңызды серіктестердің бірі ретіндегі орны нығайған.
«Сіздің тегеурінді басшылығыңыздың арқасында Грузия әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне көтерілді. Ел алдағы уақытта да тұрақты даму жолымен алға басып, жаңа жетістіктерге жете беретініне сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Грузияны тарихи байланыс, ортақ мәдени құндылықтар және сан ғасырлық достық пен өзара түсіністік біріктіретінін айтып, екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе көрсетілген құрмет пен жоғары марапат үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.
Келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Грузия арасында Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Сондай-ақ екі ел делегациялары бірқатар маңызды құжаттармен алмасты. Атап айтқанда, мәдениет, жасанды интеллект пен цифрлық даму, сондай-ақ туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидземен келіссөздер жүргізген болатын.
