«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратҚұқық

Үй маңындағы тұрақтар тегін болуы мүмкін: Алматыда жаңа ережелер әзірленіп жатыр

Алматы әкімдігі ақылы тұрақтарды, жол қозғалысын және электрлі самокаттарды пайдалану тәртібін өзгертуге бағытталған жаңа ережелер жобасын қарастырып жатыр. Бастаманың мақсаты – көлік кептелісін азайтып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру.

Жоба аясында қала тұрғындарына тұрғылықты жеріне жақын орналасқан ақылы тұрақтарды тегін пайдалану мүмкіндігін беру ұсынылған.

Жоспар бойынша, көлік иесі бір жылға арнайы рұқсат рәсімдей алады. Бұл рұқсат бір ғана көлікке беріледі және тұрғылықты мекенжайдан 500 метр радиуста орналасқан тұрақтарға қолданылады. Алайда құжат белгілі бір тұрақ орнын бекітіп бермейді.

Сонымен қатар кейбір санаттағы азаматтарға қаладағы ақылы тұрақтарды тегін пайдалану құқығын беру қарастырылып отыр. Олардың қатарында ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы аналар, ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар және электр көліктерінің иелері бар.

Жобаға сәйкес, жүргізушілер үшін тегін уақыт аралықтары да енгізілуі мүмкін. Мысалы, көше бойындағы тұрақтарда алғашқы 5 минут, ал арнайы тұрақ алаңдарында алғашқы 10 минут ақы алынбайды.

Сондай-ақ электрлі самокаттарды пайдалану тәртібін күшейту көзделген. Жаңа талаптарға сәйкес, кикшеринг қызметін пайдаланушылар самокаттарды тек арнайы белгіленген орындарға ғана қоя алады.

Әкімдік жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін ретсіз тұрақтарға шектеу қоюды жоспарлап отыр. Бұл шаралар қала көшелеріндегі тәртіпті жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Жаз мезгілінде ауыр жүк көліктеріне жол қозғалысында шектеу қойылады

Екібастұз Қазақстанның моноқалалар тізімінен шығарылды

Дау тудырған «Түп-тұқияннан өзіме шейін» үздік 100 кітаптың қатарына енді

Redaktor Shyn-Ar