Қазақстанда Мемлекеттік күзет қызметінің (МКҚ) өкілеттіктерін кеңейту жоспарлануда. Мәжілісте арнайы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты түзетулер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Заң жобасына сәйкес, өзгерістер “Мемлекеттік күзет қызметі туралы” заңның 10-бабына енгізіледі. Онда МКҚ қызметкерлеріне антитеррористік операция жүргізілетін аймақта лаңкестерге қарсы алдын ала ескертусіз күш, арнайы құралдар, қару және техника қолдану құқығын беру ұсынылған.
Сондай-ақ, қажетті жағдайда өзін-өзі қорғау немесе құқық бұзушыны ұстау кезінде қызметкердің қолында арнайы құралдар немесе қару болмаған жағдайда, кез келген қолжетімді құралдарды пайдалануына рұқсат етіледі.
Бұл заң жобасы тек күштік құрылымдарға ғана қатысты емес. Мәжіліс депутаты Болат Керімбектің айтуынша, құжат арнайы мемлекеттік органдарға талантты жастар мен білікті IT-мамандарды тартуға да бағытталған.
Бұдан бөлек, түзетулер дағдарыстық жағдайларда, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар барысында ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілеттіктерін нақтылайды.
Заң жобасында мемлекеттік құпияларды қорғау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, “мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейінің төмендеуі” ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіптердің бірі ретінде ресми түрде бекітілмек.
Сонымен қатар, МКҚ-ға бұйрықтарды орындамау деректері бойынша әкімшілік хаттамаларды өз бетінше жасау құқығын беру көзделіп отыр.
Айта кетейік, Мемлекеттік күзет қызметі – Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы орган. Ол мемлекет басшысының, сондай-ақ басқа да қорғалатын тұлғалар мен маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
МКҚ қорғайтын тұлғалар қатарына мыналар кіреді:
- Қазақстан Республикасының Президенті;
- Сенат төрағасы;
- Мәжіліс төрағасы;
- Премьер-министр;
- Президенттің жұбайы және бірге тұратын отбасы мүшелері;
- Экс-президент;
- Президент бекіткен мемлекеттік лауазымды тұлғалар;
- Қазақстанға келген шетел мемлекеттері мен үкімет басшылары (халықаралық келісімдерге сәйкес);
- Халықаралық ұйымдардың басшылары және Президент тапсырмасына сәйкес қорғалатын өзге де шетелдік тұлғалар.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне де қосымша өкілеттіктер берілген болатын. Президент жарлығына сәйкес, ҰҚК ұлттық қауіпсіздік органдарының бірыңғай жүйесін басқаратын және Президентке тікелей бағынатын арнайы мемлекеттік орган ретінде айқындалды.
