Қазақстанда жол үстінде намаз оқуға тыйым салынады. Яғни, басқа адамдардың қозғалысына кедергі келтіріп құлшылық жасауға болмайды. Мұндай әрекет заң талаптарына ғана емес, діни қағидаларға да қайшы.
Соңғы уақытта қалаларда, әсіресе Алматыда, жұма күндері мешіттер маңында көлік кептелісі жиілеп кеткен. Құлшылық орындарына сыймаған жамағаттың көшеге дейін шығып кетуі жиі байқалады.
Осыған байланысты діни басқарма өкілдері тұрғындарды намазға алдын ала келіп, көліктерін өзге адамдарға кедергі келтірмейтін жерлерге қоюға шақырады.
Алматы орталық мешітінің наиб имамы Бауыржан Көптілеуовтің айтуынша, жолды жауып намаз оқу дұрыс емес.
“Көлікпен болсын, жаяу болсын жолды жауып намаз оқығанша, оқымай-ақ қойғаны дұрыс. Себебі парыздан бұрын маңызды қағида бар — адамдарға зиян келтірмеу. Денсаулық пен қауіпсіздік бірінші орында. Адам дені сау болмаса, құлшылық та жасай алмайды”, – деді ол.
