Тұрғын үй кезегін заңсыз жылжытуға қатысты дау қайта күн тәртібіне шықты. Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова банк қызметкері пара сұрамайды деп жеке кепілдік бере алмайтынын айтты.
Үкіметтегі брифингте журналистер банк қызметкерлерінің заңсыз әрекетінен кезегі өзгерген азаматтарға өтемақы төлене ме деп сұрады.
Ибрагимованың айтуынша, 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында тұрғын үй кезегіндегі бір клиенттің санаты заңсыз өзгертіліп, оны жеңілдігі жоғары санатқа ауыстырған. Осы іске қатысы бар екі банк қызметкері жұмыстан шығарылған. Банк олардың әрекетіне қатысты құқық қорғау органдарына арыз берген, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Заңсыз жылжытылған азаматқа бөлінген пәтер несие шартына қол қою кезеңінде қайтарылып, қайта бөлу процесіне жіберілген.
Алайда мәселе мұнымен бітпейді. Банк басшысының өзі қызметкердің клиенттен заңсыз ақша сұрамайтынына кепілдік бере алмайтынын мойындады.
«Мен үстел басында отырып сізге қызмет көрсететін адамның өз қызметі үшін қандай да бір сома сұрамайтынына жеке кепілдік бере алмаймын. Бірақ мұндай фактілер бойынша жүгінсеңіз, банкте қызметтік тергеу жүргізіліп, кінәлілер жазасын алатынына кепілдік беремін», – деді Ибрагимова.
Бұл жағдай тұрғын үй кезегінің қаншалықты қорғалғаны туралы сұрақ туғызады. Өйткені кезекте тұрған мыңдаған азамат үшін біреудің заңсыз жолмен алға жылжуы – басқа біреудің жылдар бойы күткен мүмкіндігінен айырылуы деген сөз.
Банк заңсыздықтарды цифрландыру арқылы азайтуды көздеп отыр. Ибрагимова жүйеде кімнің, қай логинмен кіріп, қандай әрекет жасағанын бақылауға болатынын айтты. Сонымен қатар туыстық байланысты тексеру процестерін автоматтандыру және жасанды интеллект енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дегенмен цифрландырудың өзі мәселенің түпкі шешімі емес. Егер жүйеге қол жеткізген қызметкер оны заңсыз мақсатта пайдалана алса, онда мәселе технологияда ғана емес, ішкі бақылау мен жауапкершіліктің тиімділігінде.
Бұған дейін банк қызметкерлерінің тұрғын үй кезегіндегі орындарды заңсыз жылжытқаны, клиенттер мен делдалдарға сыйақы үшін көмектескені және несие рәсімдеу кезінде құжаттарды өзгерткені анықталған еді.
Енді басты сұрақ – анықталған бір жағдай ғана ма, әлде бұл жүйедегі бұдан да үлкен мәселенің ұшығы ма? Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін нақты жауап пен ашық бақылау тетігі маңызды.
