«Атырау» футбол клубы төртінші рет сатылымға шығарылды. Бұл жолы клубтың бағасы бастапқы құнынан 3,3 есе төмендетілген.
Алғаш рет клуб 2026 жылғы 17 ақпанда 250 808 000 теңге бағамен саудаға қойылған еді. Алайда сатып алушылар табылмады. Екінші рет 10 наурызда өткізілген саудада баға 175 565 600 теңгеге дейін төмендетілді, бірақ бұл жолы да өтінімдер болмады. Үшінші әрекет 27 наурызда жасалып, клуб 125 404 000 теңгеге бағаланды. Дегенмен нәтиже тағы да сәтсіз аяқталды.
Төртінші сауда 17 сәуірге жоспарланған. Бұл жолы «Облыстық футбол командасы «Атырау»» ЖШС-нің 100% үлесі 75 242 400 теңгеге ұсынылып отыр. Саудаға қатысу үшін 37 621 200 теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу қажет.
Клубтың нарықтық құны 250,8 миллион теңге деп бағаланған. Бұл бағалауды 2025 жылғы желтоқсанда «Тәуелсіз бағалау-құқықтық орталығы» ЖШС жүргізген. Қазіргі таңда клуб мемлекет меншігінде.
Болашақ инвесторға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалған. Негізгі шарттардың бірі — жекешелендіруден кейін үш жыл ішінде өз қаражаты есебінен кемінде 1 миллиард теңгеге футбол академиясына арналған спорт кешенін салу. Сонымен қатар жаттығу базасы мен 1950 жылы салынған, 8660 орындық «Мұнайшы» стадионын тиісті деңгейде ұстау міндеттеледі.
Үш жыл ішінде клубтың футбол орталығында кемінде 1000 тәрбиеленуші дайындалуы тиіс. Сондай-ақ қажетті инфрақұрылым болған жағдайда облыс аудандарында филиалдар ашу қарастырылған.
Жаңа иесі дарынды балалар мен жасөспірімдерді іріктеу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті футболшыларды негізгі құрамға жүйелі түрде тартуы керек.
Сонымен қатар клубтың Қазақстан Премьер-лигасына қатысуын қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Құрамында кемінде 25 кәсіби ойыншысы бар негізгі команда, екінші лига командасы және әйелдер командасы болуы тиіс.
Клубты басқару тиімді әрі тұрақты жүргізіліп, қаржылық есеп жыл сайын аудиттен өтуі қажет. Мемлекеттік органдарға клубтың қаржылық, спорттық және инвестициялық қызметі туралы жыл сайын толық есеп ұсынылуы тиіс.
Айта кетейік, «Атырау» — электронды сауда арқылы сатылып жатқан алғашқы футбол клубы емес. Бұған дейін «Шахтер», «Ақтөбе» және «Тұран» клубтары да осындай тәсілмен жекешелендірілген.
