«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлемӘлеуметБасты ақпарат

Англияға жұмысқа жібереміз деген алаяқтар 300-ге жуық қазақстандықты алдаған

Әлеуметтік желілерде жарияланған “Англияға жоғары жалақымен жұмысқа орналастырамыз” деген жарнамаға сеніп, жүздеген қазақстандық сан соғып қалды. Уәде етілген миллион теңгелік айлық, тегін баспана және “Еуропадағы жайлы өмір” – бәрі алаяқтардың құрған қитұрқы схемасы болып шықты.

Алаяқтар азаматтарды шетелге жұмысқа апарамыз деп алдап, алдын ала ақша алып, кейін ізім-қайым жоғалып кеткен. Қазір зардап шеккендердің саны 300-ден асты.

Зардап шеккендердің бірі – Гүлнұр Карим. Ол фирманың уәделеріне сеніп, өзімен бірге екі досын да ертіп барған.

“Құжат рәсімдеу жеңілдігі үшін бізден жалпы 150 мың теңге алды. Ақшаны алған соң өкілдер байланысқа шықпай кетті. Келісімшарт бойынша, олар 9 ай ішінде бізді жұмысқа орналастыруға міндетті еді. Егер бұл мерзімде жібермесе, ақшаны қайтарып береміз деп уәде еткен. Айлық ең кемі бір миллион теңгеден басталып, екі миллионға дейін жетеді деді. Бірақ бір жыл өтсе де, еш нәтиже жоқ. Ақшамыз қайтарылмады. Компания өкілдері қашып кетіп, фирманың атауын бірнеше рет өзгерткен”, – дейді ол.

Алғашында компания “Жұмыс істе” деп аталған, кейін атауын “Табыс тап” деп өзгерткен. Кейбір жәбірленушілер мүлде басқа атаулармен келісімшартқа қол қойған.

Гүлнұр сияқты алданғандар Алматы, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында да бар. Олар бұл мәселе жөнінде бұған дейін де хабарлаған. Сол кезде журналистердің араласуынан кейін компания ақшаны қайтарып, “мұндай жағдай қайталанбайды” деп уәде берген.

Бірақ уәде тағы да орындалмады.

“Біз адамдарды Словакия мен Англияға жібердік. Енді тағы бір мүмкіндік беріп, бұл материалды жазбай-ақ қойсаңыздар екен”, – деген фирма қызметкерлерінің бірі.

Алайда кейін де жаңа атаумен жарнама жариялап, жұмыс іздеушілерден ақша жинау тоқтамаған.

Диас Жамбыл есімді тағы бір жәбірленуші:

“Мен 2024 жылы бұл компанияға өзім барып, кеңседе сөйлестім. Барлығын тексеріп, сенімді болдым. Сол кезде кей адамдардың шетелге кете алмай жүргенін байқадым, бірақ кейбіріне ақшаны қайтарып жатқанын көріп сеніп қалдым. Содан кейін бауырым екеуміз бір миллион теңге төледік. Менің атымнан тағы сегіз адам тіркелді. Тоғыз ай өтсе де, ешқандай нәтиже болмады”, – дейді ол.

Осыдан кейін жәбірленушілер полицияға ұжымдық арыз жазған.

Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша:

“Алматының бірнеше аудандық полиция бөлімшелеріне түскен арыздар бір тергеу ісіне біріктірілді. Компанияның атауы он рет өзгергенімен, күдіктілер бір адамға тіреледі. Қылмыстық іс бірнеше рет жасалған алаяқтық бабы бойынша қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, күдіктінің жеке басы анықталды. Бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралуда.”

Дегенмен жәбірленушілердің айтуынша, фирма әлі де жұмысын жалғастырып отыр. Олардың ресми сайтында әлі күнге дейін онлайн кеңес алу мүмкіндігі бар.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақ тіліне құрметсіздік көрсеткен дүкен жұрт наразылығын тудырды

Redaktor Shyn-Ar

Алматыда үш шетелдік қамауға алынды

Бүлдіршінді тепкілеп, қолын бұраған: Кішкентай баласын аяусыз ұрып-соққан ана қамалды

Redaktor Shyn-Ar