Қазақстанның сыртқы қарызы 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 181,8 миллиард долларды (шамамен 87,3 триллион теңге) құрады. Бұл мәліметті Қазақстан Ұлттық Банкі жариялады. 2025 жылмен салыстырғанда сыртқы қарыз 17,2 миллиард долларға өскен, ал соңғы тоқсанда өсім 10,4 миллиард доллар болды.
Ұлттық банк хабарлауынша, қарыздың ұлғаюына екі негізгі фактор әсер етті: төлем балансы операциялары есебінен 12,8 млрд доллар, сондай-ақ валюта бағамы, құндық және өзге де өзгерістер есебінен 4,3 млрд доллар.
Сыртқы қарыз құрылымы мынадай: мемлекеттік сыртқы қарыз – 18,6 млрд доллар (+2,4 млрд доллар соңғы тоқсанда), мемлекет бақылауындағы банктер мен ұйымдар – 25,2 млрд доллар (+4,4 млрд доллар), жеке сектор – 138 млрд доллар (+3,6 млрд доллар), ал мемлекет кепілдік берген қарыз – 3,3 млрд доллар (+100 млн доллар).
Сыртқы қарыздың 88,1%-ы ұзақ мерзімді міндеттемелерге тиесілі. Бұл өтімділік тәуекелдерін төмендетеді, бірақ төлемдердің нарық жағдайына тәуелділігін арттырады. Қарыз құрылымында резидент еместерден алынған несиелер басым, олардың үлесі 70,5%-ды құрайды. Сондай-ақ, резидент емес инвесторлардың қолындағы борыштық бағалы қағаздардың үлесі 12,5% болып отыр.
Сыртқы қарыз бен шетелдегі қарыздық активтердің айырмасы, яғни таза қарыз, 53,2 млрд доллар құрайды.
Сыртқы қарыз – бұл ел резиденттерінің шетелдік кредиторлар алдындағы міндеттемелері. Оған мемлекет те, жеке сектор да кіреді және қарыз алынған валютаға қарамастан толық есепке алынады. Қарыз бойынша негізгі сома мен пайыздар мерзімінде қайтарылуы тиіс.
