Мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейтуге бағытталған өзгеріс Қазақстан Конституциясының жобасына енгізілмек. Атап айтқанда, тіл туралы 9-баптың екінші тармағындағы орыс тілінің мәртебесіне қатысты тұжырым қайта қаралады. Қолданыстағы «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөз тіркесі жаңа редакцияда «қазақ тілімен қатар қолданылады» деп өзгертіледі.
Ал Конституция жобасының 9-бабының бірінші тармағы өзгеріссіз қалмақ. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссия отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа нұсқада екінші тармақ «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады» деп жазылады.
Конституцияны реформалау бастамасы көтерілген сәттен бастап тіл жанашырлары, қоғам белсенділері мен бірқатар саясаткерлер орыс тіліне қатысты норманы алып тастау немесе оны қайта тұжырымдау қажеттігін алға тартып келеді. Олардың пікірінше, қазіргі формулировка мемлекеттік тілдің мәртебесін толық деңгейде нығайтуға мүмкіндік бермей отыр.
Билік өкілдері болса, Қазақстанда жалғыз мемлекеттік тіл бар екенін, ол — қазақ тілі екенін атап өтеді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, ең бастысы — мемлекетті сақтау және ел бірлігін қамтамасыз ету.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи парламент отырысында қазақстандықтарды қазақ тіліне қатысты өз талаптары мен көзқарастарын өзгелерге тықпаламауға шақырған болатын.
